Ерекше ПИЦЦАЛАР мәзірі

0
3 495

Пицца - бұл ең тез әрі жеңіл дайындалатын фастфуд тағамдарының бірі. Пиццаны түскі асқа немесе кешкі асқа, тіпті, романтикалық кештерге де тапсырыс беріп алдырып жеуге болады. Көптеген аналар қазіргі таңда бұл тағамды өз қолымен жасауды үйреніп те алған. Сіз де балаларыңызды осындай дәмді тағаммен қуантыңыз!


Ерекше ПИЦЦАЛАР мәзірі


Бөлке наннан дайындалған ПИЦЦА

Қажетті өнімдер:

  • 4 тілім нан
  • 150 гр. шұжық
  • 200 гр. ірімшік
  • 2 ас қасық майонез
  • 2 ас қасық кетчуп
  • Аскөк

Дайындалу тәсілі:

  1. Ірімшікті мұздатқышқа салып қатырып алып, содан соң үккіштен өткіземіз.
  2. Шұжықты жұқа әрі ұзыншалап турау керек.
  3. Тұздық дайындау үшін майонез бен кетчупты араластырып аламыз.
  4. Ал, нанды тілімдеп турап, әрқайсысына тұздық жағамыз. Тіпті, дайын туралған бөлке нанды пайдалансаңыз да болады.
  5. Енді әрбір нанның бетіне шұжықтан қойып, оның бетіне үккіштен өткізілген ірімшікті себелейміз. Дайын нандарды табаға салып, 200 градусқа қыздырылған пеште 10-15 минут пісіреміз. Тағамды дастарханға ұсынарда бетіне майдалап туралған аскөк себелеуге болады.



Бөлішкеден дайындалған мини-пиццалар



Қажетті өнімдер:

  • 2 дана тәтті қосылмаған бөлішке нан
  • 200 гр. қайнатылған тауық еті
  • 100 гр. моцарелла ірімшігі
  • 6 дана черри қызанағы
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 10 дана зәйтүн
  • 2 ас қасық томат тұздығы
  • 1 шай қасық насыбайгүл
  • 1-2 тал ақжелкен.


Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін ұсақтап турап аламыз. Болгар бұрышын текшелеп турау керек. Ал зәйтүндерді дөңгелек қалыпта тураймыз.
  2. Черри қызанағын ортасынан бөліп, бөлішкелердің беткі жағын кесіп алып тастаймыз. Ортасындағы жұмсақ жерлерін алып тастау керек.
  3. Бөлішкеге томат тұздығын жағып, тауық етін саламыз. Оның үстіне болгар бұрышын себелеп салып, зәйтүндерді де қойып шығамыз.
  4. Содан соң черри қызанағы мен кептірілген насыбайгүлді себелейміз.
  5. Ірімшікті үккіштен өткізіп, оны ең бетіне салу керек. Осыдан кейін ғана бөлілшкелерді противень табаға салып, 180-200 градусқа қыздырылған пешке салып пісіреміз. 10-15 минут шағын пиццаларымыз да дайын болады. Пиццаларды салат жапырағымен, ақжелкенмен әсемдеңіз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Сүзбе мен какаодан ТОРТ