"Головкиннің күшін беретін" әрі шөл қандыратын бидай көже

0
4 546

"Головкиннің күшін беретін, 4-ші раундта-ақ нокаутқа түсіретін" көжені кім дайындайтынын білесіз бе?


Шымкент қаласының орталығында орналасқан «Акбар», «Орталық» базарларының ішін аралап жүрсеңіз, «Головкиннің күшін беретін, 4-ші раундта-ақ нокаутқа түсіретін көже ішіңіздер» деп бар даусымен айқайлап бидай көже сатып жүрген әйелді кездестіресіз. Алғашында таңырқап қарайтыныңыз рас. Бірақ қазір бұл көрініске қарапайым халықтың да көзі үйреніп кеткендей.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылының тумасы Тоғжан Сапарқызы бес баланың аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Дәмді көжесі мен пирожкиін осылай жарнамалайтын Тоғжан апайды біраз әңгімеге тартып, ерекше көженің рецептін алған болатынбыз.


Ендеше көже дайындау рецептін жазып алыңыздар!

Қажетті заттар:

  • 500 гр. бидай
  • 3 л су
  • Дәміне қарай тұз, айран қосылады.

Ескере кететін жайт - көжеге піскен айран (майы алынған, күбіде пісілген) немесе сүзбе қосса, тіптен дәмді болады.

Сүзбе немесе айранды негізгі дәмдайындалып, әбден салқындаған соң ғана қосу керек.

Дайындалуы:

  1. Ең алдымен бидайды салқын суға салып, қайнатамыз. Су қайнаған соң отты жай қойып, 3-4 сағаттай бұқтыру керек. Осы уақыт аралығында бидай жарылып, көпсіп, жұп-жұмсақ болып піседі.
  2. Пісіп шыққан бидайға енді қажетінше қайнаған су құямыз. Қайнаған су құю міндетті. Өйткені қайнамаған су құйсаңыз, ішті ауыртып, мазаны қашыруы мүмкін. Сонымен қатар, тұз салып, айранды құямыз.
  3. Тұзды да піскен бидайға салған дұрыс. Әйтпесе бидай жарылмай, жақсы піспей қалуы мүмкін. Сондықтан да тұзды тек 3-4 сағаттан кейін ғана салу маңызды.
  4. Осылайша барлығын салып, жақсылап араластырылған көжені шөлдеген уақытта салқындатып іше беруге болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ҚАТТАМА нан ЖҰМСАҚ болу үшін ҚАМЫРЫН қалай ИЛЕУ керек?

ОҢАЙ әрі АРЗАН: Балмұздақты үйде жасаудың тәсілдері

Шоққа піскен картоп. Табиғат аясында картоптан кәуап жасап жегенге не жетсін!