​Қырыққабат ТҰЗДАУДЫ білесіз бе?

0
9 343

Тұздалған қырыққабат - тәбетті ашып, ағзаны нәрлендіреді.


​Қырыққабат ТҰЗДАУДЫ білесіз бе?

Дәл қазір қырыққабат тұздау кезеңі. Сіз де өз қолыңызбен қырыққабатты түрлі тәсілдермен тұздай аласыз. Қыста әртүрлі тағамдармен маринадталған қырыққабатты қосып жеу қандай рахат! Ендеше төмендегі мәзірлер сіздер үшін!


Эмальді ыдысқа салынған тұздалған қырыққабат

Қажетті өнімдер:

  • 10 кг қырыққабат
  • 200-250 гр. тұз
  • 500 гр. сәбіз
  • 1 балдыркөк тамыры немесе 1 кг алма
  • Дәміне қарай зире қосуға болады.


Дайындау тәсілі:

  1. Қырыққабатты ұзыншалап әрі жіңішкелеп турап, тұзбен араластырамыз. Сосын осылайша араласқан қырыққабат 1 сағаттай тұруы керек. Кейіннен қырыққабатты тұздауға арналған кастрөлге немесе шелекке салып, үстінен жақсылап басамыз. Арасында ауа қалып кетпеуі керек. Ал, ең бетіне қырыққабат жапырақтарын тұтастай жауып, таза матаны жаясыз.
  2. Осылайша салынған қырыққабатты енді бастыруымыз керек. Ол үшін тақтай қойып, оның үстіне тас немесе су толтырылған банкалар қоюға болады.
  3. Осылай екі күн тұрғаннан кейін қырыққабаттың сөлі шығады. Сосын таза таяқпен немесе басқа да құралмен тұздалған қырыққабаттың әр жерінен тесіп шығасыз. Әрбір екі күн сайын осылай жасап, газын шығару керек. Бірақ беткі жағын жауып қоясыз.
  4. Қырыққабат 15-20 күнде дайын болады. Дайын болған қырыққабатты үл литрлік банкаларға салып, тоңазытқышта сақтайсыз.


Сірке суы қосылған қырыққабат

Қажетті өнімдер:

  • 1,5 кг қырыққабат
  • 2-3 дана сәбіз
  • 1 бас сарымсақ
  • 2-3 дана лавр жапырағы
  • 5-6 дана ірі бұрыш
  • 2 ас қасық тұз
  • 100 гр. қант
  • 9%-дық 100 мл сірке су
  • Дәміне қарай зире, орегано немесе ащы бұрыш қосуға болады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қырыққабатты төртбұрышты қалыпта ірілеп, сәбізді дөңгелектеп тураймыз. Сарымсақтың қабығын аршып, дайындап аламыз. (Сәбізді үккіштен өткізіп, қырыққабат араластырып алуға да болады). Енді банкаға алдымен қырыққабат пен сәбізді, сарымсақты кезектестіріп саламыз. Бетіне дәмдеуіштерді салуға болады.
  2. Ал, қырыққабаттың тұздығын дайындау үшін кастрөлге 1 литр су құйып, оған қант, тұз салып, 1-2 минут қайнатамыз. Содан соң оттан алып, сірке суын құямыз да бөлме температурасына дейін жылығанша қоя тұрамыз.
  3. Осы маринадты қырыққабат пен сәбіз салынған банкаға құйып, 5-7 сағат қойып қою керек. Кейіннен әбден суыған қырыққабатты 2 күн бойы тоңазытқышта ұстайсыз. Сонда тұздалған қырыққабат та дайын болады.
  4. Егер салаттың тым ащы болғанын қаласаңыз, қызыл бұрыш қосып жіберсеңіз де болады.


Қараөрік қосып тұздалған қырыққабат


Қажетті өнімдер:

  • 1 кг қырыққабат
  • 400 гр. қараөрік
  • 250 гр. пияз
  • 700 мл су
  • 2 ас қасық тұз
  • 1 ас қасық қант
  • 1 шай қасық зире
  • 700 мл ақ шараптан жасалған сірке су.


Дайындалу тәсілі:

  1. Қараөрік пен басқа да қосылатын көкөністерді жуамыз. Әрбір өрікті ортасынан бөліп, дәнін алып тастаймыз.
  2. Қырыққабатты майдалап турап, қараөрікпен араластырамыз.
  3. Пиязды жұқалап әрі жартылай дөңгелектеп турау қажет. Оны да қырыққабат салынған табаққа салып, барлығын жақсылап араластырамыз.
  4. Кастрөлге су құйып қайнатып, тұз, қант, дәмдеуіштер мен сірке суын құйып, араластырасыз. Бір қайнаған соң оттан алып қою керек.
  5. Банканы стерилдеп, ішіне салатты толтырып саламыз. Сосын ыстық маринадты құйып, банканың қақпағын бұрап жабамыз. Банкаларды төңкеріңіз. Суығанша осы қалыпта тұрғаны дұрыс.


Дайындаған: Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өсімдіктердің сүтін ішіп көрдіңіз бе?


АПЕЛЬСИНГЕ салынған ЕРЕКШЕ салат


Мына КЕКСТІ 30 минутта ПІСІРУГЕ болады