​Мына салаттарды міндетті түрде жауып алыңыз

0
19 756

Ол бәріне ұнайды.


​Мына салаттарды міндетті түрде жауып алыңыз

«Қандай салат жапсам екен?» деп әлі ойланып жүрсіз бе? Ендеше мына салаттар сіздің ойыңыздан шығады деп сенеміз. Түрлі көкөністерден дайындалатын бұл салаттар қыста әлсіреген ағзаға қуат беріп, дәруменмен қанықтыра түседі.


Қияр, қырыққабат, қызанақ қосылған салат


Қажетті өнімдер:

  • 1 кг қияр
  • 1 кг қызанақ
  • 300 гр. сәбіз
  • 300 гр. пияз
  • 300 гр. тәтті болгар бұрышы
  • 300 гр. қырыққабат
  • 30 гр. ақжелкен мен аскөк
  • 100 гр. қант
  • 2 ас қасық тұз
  • 9%-дық сірке суы
  • 150 мл өсімдік майы

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен барлық көкөністерді турап аламыз. Қияр мен сәбізді дөңгелек қалыпта жұқалап турау қажет. Арнайы кедір-бұдырлы пышақпен турауға да болады. Сонда салат өте әдемі көрінеді.
  2. Қызанақты ортасынан бөліп, сол қалыпта жұқалап тураймыз. Пиязды да дәл солай турау керек. Болгар бұрышын ұзыншалап тураймыз.
  3. Ал, қырыққабатты өте жұқалап әрі ұзыншалап турайды. Аскөк пен ақжелкенді майдалаған дұрыс.
  4. Осылайша турап дайындалған көкөністерді енді бір табаққа салып, өсімдік майын, сірке суын, тұз бен қантты қосып, барлығын жақсылап араластырамыз. Сосын 2-3 сағат бетін жауып қойып қою керек.
  5. Осы уақыт өткеннен кейін салатты кішірек көлемдегі банкаларға салып шығамыз. 2-3 сағатта шыққан шырынын құюды да ұмытпаймыз.
  6. Енді кастрөлдің ішіне майлықты салып, оның бетіне сыйғанынша банкаларды саламыз. Сосын кастрөлге толтыра су құйып, отқа қойып қайнатамыз. 25-30 минуттан соң банкаларды жауып ала беруге болады.
  7. Мұндай салатты кастрөлге салынған көкөністер маринадталғаннан кейін сол қалпы қайнатып, жабуға да болады.


«Дәрумен» салаты


Қажетті өнімдер:

  • 5 кг қырыққабат
  • 1 кг болгар бұрышы
  • 1 кг пияз
  • 1 кг сәбіз
  • 4 ас қасық тұз
  • 340 гр. қант
  • 0,5 л өсімдік майы
  • 9%-дық 0,5 л сірке суы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Пиязды жартылай дөңгелектеп, болгар бұрышын ұзыншалап турайсыз. Ал, сәбізді үккіштен өткізесіз.
  2. Қырыққабатты да ұзыншалап әрі жіңішкелеп турау қажет.
  3. Бір ыдысқа өсімдік майын, сірке суын, қант пен тұзды салып араластырып, осы маринадты туралған көкөністер араласпасына құясыз.
  4. Барлығын жақсылап араластырып, банкаларға нығыздап саламыз. Осылайша дайындалған салаттың қақпағын бұрап, салқын жерде сақтайсыз. Пластмасса қақпақпен жауып, тоңазытқышқа салып қоюға да болады.


Баялды қосылған ерекше салат



Қажетті өнімдер:

  • 4 кг баялды (баклажан)
  • 10 дана қызанақ
  • 10 дана болгар бұрышы
  • 5 бас сарымсақ
  • 3-5 дана ащы қызыл бұрыш
  • 1 стақан қант
  • 2 ас қасық тұз маринадтауға, 2-3 ас қасық баялдыға қосу үшін
  • 1 стақан өсімдік майы
  • 9%-дық 150 гр. сірке су.

Дайындалу тәсілі:

  1. Баялдыларды тазалап жуып, екі басын кесіп тастаңыз. Сосын дөңгелек қалыпта турайсыз. Туралған баялдыларды табаққа салып, 2-3 ас қасық тұз қосасыз да, жақсылап араластырып, 30 минутқа қалдырасыз.
  2. Тәтті және ащы бұрыштарды жуып, дәндерінен тазартып аласыз. Сарымсақтың қабығын аршисыз.
  3. Қызанақтың қабығын алып тастау үшін 1 минуттай ыстық суға салып қоясыз. Сосын суын төгіп, салқын су құйыңыз да 2-3 минуттан соң қабығын арши берсеңіз болады.
  4. Қызанақтарды, болгар бұрышы мен ащы қызыл бұрышты, сарымсақты еттартқыштан өткізесіз. Содан соң осы езбеге қант пен 2 ас қасық тұз, өсімдік майы, сірке суын қосыңыз.
  5. Енді осы маринадты баклажан салынған табаққа құйып, отқа қойып қайнатасыз. 30 минуттай бұқтырасыз.
  6. банкаларды алдымен ас содасымен тазалап жуып, стерилдейсіз де, салатты салып, жауып ала бересіз. Өте дәмді салатымыз да дайын болды!


Кәді мен қызанақтан дайындалған салат

Қажетті өнімдер:

  • Салатқа:
  • 1 кг кәді (кабачок)
  • 550 гр. болгар бұрышы
  • 550 гр. қызанақ
  • 500 гр. пияз
  • 250 гр. сәбіз
  • Томат тұздығы үшін:
  • 800 гр. қызанақ
  • 4 тіс сарымсақ
  • 1 шай қасық толтырылған тұз
  • 90 гр. қант
  • 50 мл 6%-дық сірке су
  • 8 дана ірі қара бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

  1. Кәділерді қабығынан, дәндерінен тазартамыз. Сосын 2-2 см көлемінде текшелеп тураймыз.
  2. Сәбіздің қабығын аршып, ірі үккіштен өткіземіз де, кәдіге қосамыз. Пиязды да аршып, ірілеу көлемде тураймыз. Болгар бұрышын тазалап жуып, текшелеп тураймыз да пиязбен бірге кәдінің үстіне саламыз. Сондай-ақ қызанақтарды да жуып, кептіріп, ірілеп турау қажет. Барлығын жақсылап араластырып, бір шетке қоя тұрамыз.
  3. Енді тұздықты дайындап алайық. Ол үшін қызанақты ірілеп турап, блендерге салып айналдырамыз. Осылайша езілген қызанақты көкөністер араласпасына құйып, араластырамыз. Осы араласпаны орташа отқа қойып қайнатамыз.
  4. Сарымсақты аршып, майдалап турап, қайнатпаға салыңыз. Қант, тұз, сірке суы мен ірі қара бұрышты салып, араластыру керек.
  5. Отты барынша жай қойып, салатты 60 минуттай қайнатамыз. Осы уақыт аралығында салатты 2-3 рет қозғап, көкөністер жұмсарғанша қайнатуымыз керек.
  6. Банкаларды стерилдеп, қақпақты 2-3 минут қайнатып дайындап аламыз. Сосын салатты банкаларға салып, қақпағын бұраймыз да, суығанша төңкеріп қоямыз.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Кәді мен қызанақтан ерекше АДЖИКА қайнатуға болады


Мына 5 СОРПА күш-қуатыңызды тасытады


ҚЫРЫҚҚАБАТТАН ЖАСАЛҒАН тағамдар ағзаның саулығын САҚТАЙДЫ