Тартылған еттің өте дәмді болғанын қаласаңыз, мына 5 әдісті жасап көріңіз

0
5 991

Тартылған етті үйде жасайсыз ба әлде дүкеннен сатып аласыз ба? Қалай етсеңіз де, оны дәмді ету өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!


Тартылған еттің өте дәмді болғанын қаласаңыз, мына 5 әдісті жасап көріңіз

Тартылған ет көптеген тағамдардың ең басты қоспасы саналады. Фарштан жасалған дәмді котлетті, тұшпара мен мантыны, шұжықтарды сүйіп жемейтін адам кемде-кем. Дегенмен, тағамға тіл үйірер дәм сыйлау үшін фаршты жақсылап дайындауды үйренген абзал. Ал, оны қалай әзірлеу керектігін төменннен оқып біле аласыздар!


Ет таңдай біліңіз

Үйбикелерінің көбі фаршқа арзан ет жарайды деп есептейді. Жоқ, дәл осылай ойласаңыз қатты қателесесіз. Бағасы төмен фарштың сапасы да жоғары болмайтынын ұмытпау керек. Бұлайша тартылған еттің құрамы таза еттен тұрмайды. Оған қалған-құтқан ет кесінділері мен шандырлы еттер қосылуы мүмкін. Сондықтан да ет таңдауда еш қателеспеңіз. Сапалы әрі дәмді етті алуға тырысыңыз.

Екіншіден, дәмді фарш шығу үшін, екі-үш түрлі ет сатып алуға тура келеді. Мысалы, тауық еті мен бұзау еті, қой мен үндік етін араластыруға болады. Үшіншіден, етті майдаларда оның ет өтетін көзіне мән беріңіз. Ең бастысы майдалауын таңдасаңыз болғаны. Сонда тартылған ет біркелкі болып шығады.

Төртіншіден еттің жұмсақ әрі біркелкі болғанын қаласаңыз, оны екінші рет еттартқыштан өткізуге ерінбеңіз. Содан соң басқа қоспаларды қоса бересіз.


Қоспаларсыз еттің дәмі кірмейді

Тартылған етке қосылатын классикалық қоспа – пияз. Пияз өте қолжетімді, арзан әрі барлық мезгілде табуға болатын көкөністердің бірі. Ол фаршқа ерекше дәм беріп, суландыра түседі. Фарш пен пиязды бірге еттартқыштан айдап жіберуге де болады. Сонымен қатар, пиязды азырақ қуырып фаршпен араластырса да ерекше дәм берері сөзсіз. Пияздан бөлек, сәбіз, болгар бұрышы, қырыққабат пен кәдіні де фаршқа қосуға болатынын ұмытпаңыз.

Сүтке немесе суға жібітілген нан фаршты жұмсартып, жабысқыш ете түседі. Ал, қаймақ пен кілегей фаршты шырынды ете түссе, жұмыртқа керісінше қатайтып, біріктіргіш қасиетке ие. Сондай-ақ, ұнтақталған нан да фарштың басын біріктіріп, шырынының шамадан тыс шығуына жол бермейді. Тартылған еттің одан да жұмсақ бола түскенін қаласаңыз, үккіштен өткізілген картоп, асқабақ немесе алма қосыңыз.


Дәмдеуіштер

Дәмдеуіштерді әркім өз қалауына қарай қосады. Біреулер сарымсақ пен кептірілген өсімдіктерді қосса, енді бірі балғын аскөк пен ақжелкенді қосқанды жөн санау мүмкін. Жалпы, тартылған етке әдемі дәм беретін дәмдеуіштердің қатарында қызыл бұрыш (паприка) бар. Ал, куркума өте жағымды сарғыш түс береді.

Ащы бұрыш пен хош иісті жаңғақ, даршын, зире мен кориандр дәмдеуіштерін қалауыңызша қоса берсеңіз болады.


Дұрыс араластыру


Фаршты дұрыс араластыру да маңызды кезеңдердің бірі. Етті еттартқыштан өткізіп, тұз қосып, басқа да қоспалармен араластырдық. Енді, фаршты ұрғылауымыз қажет. Уысымызды толтыра араласқан еттен аламыз да қайтадан табаққа ұрып саламыз. Осылай 10 рет жасау керек. Сонда еттің біркелкі әрі жұмсақ бола түскенін байқайсыз.


Шырынымен араласқанын күту

Бұл соңғы тәсілде ештеңе жасамаймыз. Жай ғана фаршты жақсылап араластырып, өз шырыны, қоспалары бір-біріне сіңу үшін 30-40 минут бетін жауып қоя тұрамыз. Содан кейін ғана дайын фаршты қалаған тағамыңызға пайдалана берсеңіз болады. Іске сәт!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


"Люля-Кебаб" пісіре аласыз ба? Оп-оңай 3 тәсілі бар


«АЛҒАШҚЫ ҚАР» торты - қыста дастарханыңыздың көркін ашады


Жұмыртқадан дайындалатын ең оңай 3 таңғы ас