Қыста үйде отырып бір тәтті-дәмді нәрсе пісіргіңіз келсе, дәл осы мәзірмен «Алғашқы қар» тортын жасап көріңіз.
Жаңа жыл да жақындап қалды. Дастархан сәнін келтірер әдемі тортпен қонақтарды да таңқалдырып, тамсандыра аласыз. Ендеше тортымызды пісіруге кірісейік!
Қажетті өнімдер:
- 220 гр. ұн
- 2 дана жұмыртқа
- 30 гр. сары май
- 120 гр. қант
- 1 шай қасық қамыр қопсытқыш (разрыхлитель)
- 1 шым-шым тұз
- 300 гр. кілегей
- 250 гр. кілегейлі ірімшік (сливочный сыр)
- 160 гр. ақ шоколад
- 120 гр. кокос ұнтағы (кокосовая стружка)
- 200 гр. қаймақ
- 80 гр. қойылтылған сүт.
Дайындалу тәсілі:
1. Жоғарыда айтылған керекті заттардан диаметрі 18 см, ал биіктігі 5 см-дей шығатын торт пісіреміз. Барлығы 8 қабаттан тұрады.
Ең алдымен қамырын дайындап алайық. Ол үшін жұмыртқаны табаққа жарып салып, қант пен тұз қосамыз. Сосын біркелкі болғанша жақсылап араластырамыз.
2. Енді осы араласпаға ерітілген сары майды, қамыр қопсытқышпен араласқан ұнды салып, жұмсақ қамыр илейміз. Содан соң қамырды қалташаға салып, 2-3 сағат тоңазытқышта ұстаймыз. Ал, қамырдың тезірек дайын болғанын қаласаңыз, 30 минуттай мұздатқышқа салып қоюға да болады.
3. Қамырды ұн себілген тақтайдың үстіне қойып, сопақша пішінге келтіреміз. Сосын 8 бөлікке бөлеміз.
4. Әрбір қамырды өте жұқа етіп жайып аламыз. 200 градусқа қыздырылған пеште қамырларды 8-10 минуттан пісіреміз.
5. Піскен қамырды бірдей етіп дөңгелек пішінге келтіріп, жан-жағын кесіп алып тастаймыз.
6. Қамырдың арасына жағатын кремді дайындайық.
Бізге екі ыдыс қажет. Оның біріне су құйып, екіншісіне 50-80 гр. кілегей мен ақ шоколадты бөліп-бөліп саламыз. Суы бар ыдысты отқа қойып қайнатамыз. Сосын оның үстіне ақ шоколад салынған ыдысты қоямыз. Бірақ та шоколад салынған ыдыс суға тимеуі қажет.
7. Шоколад пен кілегей жұмсарып, біркелкі қалыпқа келгенше араластырып отырамыз. Дайын болғанда оттан алып, суыту керек.
8. Бөлек ыдысқа енді кілегейлі ірімшікті миксермен араластырамыз. Егер кілегейлі ірімшік бомай қалса, сүзбе мен қаймақты блендермен араластырып қосуға болады.
9. Осы араласпаға немесе кілегейге суытылған ақ шоколадты қосып, жақсылап араластырамыз. Артынша 80 гр кокос ұнтағын салып, араластыру керек.
10. 300 гр. майлы кілегейді бөлек ыдысқа салып, қоюланғанша араластырамыз. Осы кілегейге қаймақ пен кокос араласпасын салып, біркелкі болғанша араластырып, дәмін көреміз. Егер ақ шоколадтың тәттілігі жеткіліксіз болса, қоюлатылған сүт қосып жіберіңіз. Сонда креміміз де дайын болады.
11. Осы кремді енді әрбір қамырдың арасына жағып шығамыз. Ең үстіндегі қамырды, торттың жан-жағына кремді түгелдей жағамыз. Содан соң кремнің бетіне кокос ұнтағын себелейміз. Осы жерден тортты дайын десек те болады. Алайда Жаңа жылдық көңіл күй сыйлайтын «қарларды» жасағыңыз келсе, ары қарай жылжимыз.
12. Ақ шоколадтың кішірек бөлігін қайнаған судың үстіне табағымен қойып ерітіп аламыз. Сосын кленка қалташаға салып, бір ұшынан кішкентай ғана қырқып тастаймыз. Сөйтіп пергамент қағаздың бетіне қардың бейнесін жасаймыз. Суреттегідей қарларыңыз дайын болса, тоңазытқышқа салыңыз.
Осылайша дайындалған қарлармен торттың жан-жағын әсемдеп, дастарханға ұсынамыз.
Әрине әрбір жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мұндай тортты әзірлеу оңай шаруа емес. Дегенмен, жылына бір рет балаларды, үйге келген қонақтарды қуантқанға не жетсін?!
Дайындаған: Майра Сейфуллина,
Дереккөз: menunedeli.ru
Тағы да оқыңыз:
Жұмыртқадан дайындалатын ең оңай 3 таңғы ас
Балаларға шұжықтың (колбаса) қай түрін беруге болмайды?