Тауық етінен орама жасап көрдіңіз бе?

0
2 620

Ораманы еттен дайындасаңыз, дәмді болары сөзсіз. Ал, ішіне көкөністер мен саңырауқұлақ салмасын салсаңыз, тіпті, дәмі тіл үйірер тағам шығады.


Тауық етінен орама жасап көрдіңіз бе?

Тауық етінен орама жасаудың еш қиындығы жоқ. Оны еттартқыштан өткізбей де, өткізіп те дайындай беруге болады. Ең бастысы қоспаларға, еттің сапасына мән беру керек. Сонда орама да көңіліңізден шығады.


Тауық еті мен саңырауқұлақтан орама

Қажетті қоспалар:

  • 400 гр. тауық еті
  • 50 гр. саңырауқұлақ
  • 50 гр. ірімшік
  • 2-3 тал аскөк
  • 1-2 тіс сарымсақ
  • Шым-шым тұз, қара бұрыш
  • 2 дана жұмыртқа
  • 5-6 ас қасық ұнтақ нан
  • 100-150 гр. өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен тауық етін қалыңдығы 1-1,5 см шығатындай етіп, бірнеше бөлікке бөліп аламыз. Содан соң еттің екі бетін де ұрғылап, тұз, бұрыш себелейміз. Аскөкті майдалап тураймыз.
  2. Ал ащыны ұнататындар сарымсақты майдалап турап, қара бұрышпен бірге қосады.
  3. Саңырауқұлақты да жуып, кептіріп, жұқалап турау керек. Ірімшікті де жұқалап турап аламыз.
  4. Енді осы т уралғандарды тауық етіне салып шығамыз. Ол үшін тауық етін жайып, оның бетіне алдымен сарымсақ пен аскөкті себелейміз. Содан соң туралған саңырауқұлақтарды саламыз. Саңырауқұлақтың үстіне жұқалап туралған ірімшікті қоямыз. Барлығын салып болғаннан кейін тауық етін орап, тіс тазалағышпен қыстырып қоямыз.
  5. Жұмыртқаны көпіршітіп, осы жұмыртқаға орамаларды бір салып аламыз. Содан соң ұнтақталған нанға аунату керек. Қайтадан жұмыртқаға салып, артынша ұнтақталған нанға тағы бір аунатып алу керек.
  6. Табаға өсімдік майын құйып, қызған соң тауық орамаларын саламыз. Жай отта орамаларды қызарта пісіріп аламыз. 10 минуттан кейін екінші бетін аударып, тағы да 10-12 минут бойы қуырамыз.


Ірімшік пен сарымсақ қосылған орама


Қажетті қоспалар:

  • 2 дана тауықтың төс еті
  • 100 гр. ірімшік
  • 1 бума аскөк
  • 2-3 тіс сарымсақ
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 100 гр. ұн
  • 100 гр. өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тауықтың төс етін жұқалап турап, жақсылап ұрғылаймыз. Бетіне тұз, бұрыш себелеп, сарымсақты жағып шығамыз.
  2. Содан соң әрбір еттің бір шетіне үккіштен өткізілген 1 ас қасық ірімшіктен салып, майдалап туралған аскөкті себелейміз.
  3. Сосын етті орап, тіс тазалағышпен қыстырып қоямыз. Орамаларды ұнға аунатып, қызып тұрған майға салып қуырамыз.
  4. Пісіп шыққан орамалардан тіс атазалағышты алып тастап, тәрелкеге салып, дастарханға ұсына беруге болады.


Қияр салынған орама


Қажетті қоспалар:

  • 500 гр. тауық еті
  • 1 дана апельсин
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1 дана пияз
  • 200 гр. маринадталған қияр
  • 1 бума көк пияз
  • 12 гр. крахмал
  • 50 гр. ұнтақталған нан
  • Дәміне қарай ақжелкен
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш, дәмдеуіштер.

Дайындалу тәсілі:

  1. Тауық етін сүйегінен ажыратып, блендермен немесе еттартқышпен майдалаймыз. Сосын фаршқа жұмыртқа, крахмал, майдалап туралған пияз бен дәмдеуіштерді қосамыз. Тұз, бұрыш қосуды ұмытпаймыз.
  2. Ақжелкенді майдалап турап, қиярды да ірілеп тураймыз. Осылайша барлығы дайын болған кезде ораманы дайындауды бастаймыз.
  3. Асханалық пленканы жайып, алдымен ұнтақталған нанды себелеп, оның үстіне фаршты жаямыз. Фаршқа ақжелкен мен көк пиязды себелеп, шетіне қиярды салып шығамыз. Содан соң абайлап фаршты ораймыз. Орап болған соң ораманы ұнтақталған нанға бір аунатып алу керек. Осылайша фарштан 2-3 рулет жасап, табаға салып майда қуырамыз.
  4. Әрбір бетін 4 минуттан қуырған жеткілікті. Енді орамалардан соң табаға жұқалап туралған апельсин тіліктерін салып қуырып аламыз. Сөйтіп әрбір ораманың бетіне қуырылған апельсинді қойып, дастарханға ұсына беруге болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Түрікше СИМИТТІ үйде өзіңіз-ақ жасай аласыз


Таңғы асқа ӨТЕ дәмді ПАНКЕЙК ӘЗІРЛЕҢІЗ