Таңғы асқа ӨТЕ дәмді ПАНКЕЙК ӘЗІРЛЕҢІЗ

0
5 319

Панкейкті пісіру де қиын емес!


Таңғы асқа ӨТЕ дәмді ПАНКЕЙК ӘЗІРЛЕҢІЗ

Өзі жұмсақ, тәтті әрі дәмді құймақтың тағы бір ағылшынша атауы - панкейк. Панкейкті кәрі де, жас та, бала да сүйіп жейді. Ал, жасалу жолдары әртүрлі болып келеді. Қоспасына да қалағаныңызды қосып, жұп-жұмсақ құймақтарды дайындай аласыз. Бүгінгі мәзірде панкейктің 4 түрлі рецептін ұсынып отырмыз.


Сүт қосылған панкейк

Қажетті өнімдер:

  • 150 гр. сұлы жармасы
  • 100 гр. сүт
  • 1 дана жұмыртқа
  • Әсемдеу үшін
  • 100 гр. құлпынай
  • 10 гр. мейіз

Дайындалу тәсілі:

  1. Сұлы жармасын блендермен ұнтақтап аламыз. Сұлы жармасы ұн.ға айналғанша айналдыра береміз.
  2. Сосын осы ұнға жылы сүтті құйып, жақсылап араластырамыз да, 2-3 минут қоя тұрамыз.
  3. Жұмыртқаны табаққа жарып салып, көпіршітіп аламыз. Содан соң жұмыртқаны жармаға қосамыз.
  4. Қамырымыз біркелкі массаға айналғанша жақсылап араластырамыз. Сонда панкейкке арналған қамырымыз да дайын болады.
  5. Табаны отқа қойып қыздырып, 1 ас қасықтан қамырды құямыз. Табаға май құюдың керегі жоқ.
  6. Бір бетін 2-3 минут қуырып, қызарған соң екінші бетін аудару керек. Осы уақытта табаның қақпағын жабуды ұмытпаңыз. Міне, осылайша қамыр таусылғанша панкейктерді пісіріп ала береміз. Астарыңыз дәмді болсын!


Банан қосылған панкейктер мәзірі


Қажетті өнімдер:

  • 2 дана банан
  • 2 дана жұмыртқа
  • 100 гр. сұлы ұны
  • Дәміне қарай тұз қосылады.
  • 50 мл өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Бананның қабығын аршып, 3-4 бөлікке бөлеміз. Сосын блендерге салып, 5 секунд айналдырамыз.
  2. Осы уақыт аралығында банан езіліп шыға келеді. Блендер болмаған жағдайда шанышқымен езуге де болады. Ең бастысы банан езбесін шығарсаңыз болғаны.
  3. Қамырға сұлы ұны да қажет екенін ұмытпайық. Оны дайындау үшін сұлы жармасын да блендермен ұнтақтап аласыз. 7 ас қасық сұлы жармасынан 100 гр. ұн шығады. Осы өлшеммен салсаңыздар болады.
  4. Бөлек ыдысқа жұмыртқаны жарып салып, көпіршітіп аламыз.
  5. Енді шұңғыл ыдысқа банан езбесін, жұмыртқаны, сұлы ұнын салып, барлығын жақсылап араластыру керек. Шым-шым тұз салып жібреміз. Сонда қамыр қою қаймақтай болуы керек. Егер қамыр сұйықтау боп қалса, тағы да ұн қосып жіберіңіз. Қамырға қант қоспасаңыз да, дәмді әрі тәтті болып шығады. Сол себепті де қант қосудың қажеті жоқ.
  6. Табаны отқа қойып қыздырып, 1-2 қасық өсімдік майын құямыз. Содан соң ас қасықпен панкейктерді біркелкі формада құйып шығамыз.
  7. Бір беті қызарып пісті-ау дегенде панкейтердің екінші бетін аударып, қызарғанша отта ұстаңыз. Осылайша піскен панкейктерді тәрелкеге салып алып, қалған қамырды дәл солай құйып, пісіріп аласыз. Ал, әрбір панкейкті жаңадан пісірерде өсімдік майын құюды ұмытпаңыз.


Айраннан дайындалған панкейктер


Қажетті өнімдер:

  • 250 мл айран
  • 220 гр. ұн
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1,5 ас қасық өсімдік майы
  • 8 гр. қамыр қопсытқыш
  • 30 гр. қант
  • 0,5 шай қасық тұз
  • Қуыру үшін 0,25 стақан өсімдік майы қажет.

Дайындалу тәсілі:

  1. Жұмыртқаны жарып табаға саламыз. Қант қосып, біркелкі массаға айналғанша венчикпен араластырамыз. Қатты көпіршітудің керегі жоқ. Тек қана жақсылап араласса болғаны.
  2. Айранды сәл ғана жылытып, жұмыртқаға құясыз. Егер айранды жылытқыңыз келмесе азырақ қайнаған сумен араластырып жылытуға да болады.
  3. Енді өсімдік майы мен тұз, қамыр қопсытқышты қосып, барлығын жақсылап араластырамыз.
  4. Соңында аз-аздан ұнды салып, араластыру керек. Қамыр қою боп шығуы керек. Егер айранға су қосатын болсаңыз, ұнды да көбірек салуға тура келеді.
  5. Шұңғыл табаны отқа қойып, өсімдік майын құямыз. Майды қыздырып, панкейктерді құямыз. Қасыққа қамыр жабысып қалмас үшін, қасықты майға бір батырып алыңыз. Сонда қамырмен алыспайтын боласыз.
  6. Орташа отта құймақтарымызды қызарта пісіріп аламыз. Тәрелкеге салфетка салып, пісіп шыққан панкейктерді жайғастырамыз.


Күріш ұны қосылған диеталық панкейк


Қажетті өнімдер:

  • 200 мл айран
  • 1 дана жұмыртқа
  • 150 гр. күріш ұны
  • 0,5 шай қасық ас содасы
  • Дәміне қарай тұз қосуға болады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Панкейктердің калориясы төмен боп шыққанын қаласаңыз, айранның майсыз түрін таңдаған дұрыс.
  2. Айранды алдын ала тоңазытқыштан шығарып қойыңыз немесе сәл ғана жылытып жіберіңіз. Сосын айранға қамыр қопсытқышты салып, 5 минуттай қоя тұрамыз.
  3. Айранға жұмыртқаны жарып салып, тұз қосып, жақсылап араластырамыз.
  4. Аз-аздан күріш ұнын салып араластырамыз. Сонда қамырымыз қоюланып шығады. Қамыр дайын болса, панкейктерді пісіре беруге болады.
  5. Табаны орташа отқа қойып қыздырып, құрғақ табаға ас қасықпен құймақты құйып шығамыз. Қасықпен домалақ панкейктер жасай құюды ұмытпаймыз.
  6. Құймақтардың екі жағын да бірдей қызартып пісіріп, ыстықтай дастарханға ұсыну қажет. Егер қаласаңыз, панкейктердің бетіне бал құйып жіберуге немесе тәтті тосаппен ұсынуға да болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ЖАҢА жылға жаңаша КӘУАП әзірлеңіз!


1 стақан фарштан 1 тәрелке котлет пісіріп алыңыз