​Келін түскенде орындалатын дәстүрлерді білесіз бе?

0
5 742

Келін түскен кезде жасалатын дәстүр дұрыс орындалып жүр ме?


​Келін түскенде орындалатын дәстүрлерді білесіз бе?

иллюстрациялық фото: tuz.kz

"Сүйінші! Өмірге кестетігер келді! Дүниеге ханшайым келді!" - деп ел-жұртты шаттандырып, әулетті мақтаныш сезімі билеп, әкесі мен анасына қуаныш сыйлаған сүйінші хабар қыз баланың туылғанын білдіреді. Әрине, қыз – өрісің, қонағың, байлығың, қамқоршың, көмекшің, жанашырың. Барлық мейіріміңді төгіп мәпелеп, алақаныңда аялап өсірген қызың талай күндерді артқа тастап, бойжеткенде басқа елдің келіні болады. Барған елі мен өз елінің алтын көпірі атанады.

Жаратылысы қандай нәзік болса, иығына артылған жүк сондай ауыр болмақ. Бауыржан Момышұлы атамыздың өзі қызды жер бетіндегі ең батыр адамға теңеген.


Елді жаудан қорғаған батыл жүрек Бауыржан атамыз:

— Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз, деген. Оның мәнісін сұрағандарға былай деп жауап беріпті:

— Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, - деген екен.


Иә, өзге елдің ұрпағын көбейтіп, абыройын асқақтату мақсатында бөтен босағаны аттаған жаңа келінге әр өңірде әртүрлі дәстүр қолданылады. Солардың бірнешеуін ғаламтор беттерінен іздеп көрген едік.

фото: elana.kz


Қыз ұзату дәстүрін қаншалықты жақсы білесіз? (ТЕСТ)


Қазақстанның оңтүстік өңірінде

Шаңыраққа жаңадан келін түскенде алдымен шымылдыққа кіргізеді. Беташар тойы жасалмайынша басындағы орамалды шешпей, жүзін төмен қаратып, ізеттілік танытып отырады. Айналасына кішкентай қайынсіңлілері жайғасады. Келін көруге келгендерге орнынан тұрып ілтипат танытады. Келін түсірген отбасы көп ұзатпай беташар тойын жасайды. Бұл тойға келіннің төркіні шақырылмайды, ал үйленген жігіттің туысқан, ағайын, нағашылары түгел жиналады. Бет ашуға арнайы асаба шақырылады. Жас келіннің бетін ақ орамалмен жауып, екі жағынан екі абысыны сүйеп ортаға әкеледі. Жас келін екі қолын айқастырып, иіліп сәлем жасайды. Келіннің басындағы ақ орамалдың бір ұшына оқтау байланып, оны күйеуінің кіші інісі ұстайды. Оқтау сол әулеттің келіндеріне мирас болып енеден келінген өтетін құрал. Оқтау жас келінге отбасының шаруасын қолға алып, оқтау мен тақтайға ие бол дегенді меңзесе керек. Беті ашылған келіннің маңдайынан енесі сүйіп, ақ батасын береді.

Беташар тойында палау беріледі. Келген қонақтар дәмнен ауыз тиіп, жастарға бақыт тілеп, тарқасады. Беташардан соң келін басына орамалын орап, үй тірлігіне кіріседі. Оңтүстіктегі енелердің көпшілігі жаңа келіндеріне көздің жауын алатын ашық түсті киімдерді кигізеді. Бұл да келінге көз тимесін деген ырым.

Сонан соң келін ерте тұрып, дастарқан жазады. Қайын атасы мен енесінен бастап, қайынаға-қайыніні, қайынәпке-қайынсіңлілердің бәріне иіліп сәлем жасайды. Күйеуінен кішілердің бәріне әдемі атау береді. Мұны қазақта "Ат тергеу" деп айтады.


Ат тергеу дәстүрін дұрыс қолданып жүрміз бе?


Қазақстанның батыс өңірінде

Босаға аттаған жас келін оң тізесін сәл бүгіп, оң қолын оң тізесінің үстіне қояды. Алақанын аздап ашып сәл ғана иіледі. Бұл - келін сәлемі. Батыстың келіндері оңтүстіктегідей халат пен шалбар кимейді. Мүмкіндігінше, ұлттық нақыштағы көйлек, нымша киеді. Бастарына үлкен орамал орайды. Жас келінді көруге келгендер міндетті түрде сыйлық алып келеді. Айта кететін бір ерекшелігі - жас келін қонаққа келген төркініне шәй құймайды. Бұл міндетті енесі атқарады. Ал басқа қонақтарға тек қана келін шәй құяды. Дәм желініп, дастарханға бата берілген соң келін тағы да сәлем салып, дастарханды жинап алады.


Қазақстанның солтүстігінде

Бұл аймақта беташар мен үлкен той бірге жасалса да сын емес. Сол кезде келін күйеуінің барлық тума-туысқандарына сәлем салады. Тойдан кейін сәлем де салынбайды, барған отбасының тәртібіне қарай орамал да тағылмайды.

Бір қызығы қалың мал қатты сақталмаған. Бірақ міндетті түрде келіннің анасына "сүтақы" беріледі. Оны ақшалай да, бағалы бұйым ретінде де, тіпті алтын-гауһар сырға не жүзік тағылады. Құдалыққа келгендердің бәріне де алтын әшекейлер сыйға беріледі.


Қазақстанның шығысында

Болашақ келінге «сырға салу» дәстүрі құдалықпен қоса атқарылады. Қыз жақ белгіленген күні құдалық күтеді, сол кезде қызға сырға салып, ата-анасына сыйлықтар жасалынады. Бұл өңірде де "сәлем салу" салты қатаң түрде қарастырылмаған. Бірақ күйеулерінің амандығы үшін, жолдары әрдайым ашық болуы үшін деген сеніммен орамал шешпейді.


Руласына сәлем салса, сүйегі сырқырайды


Ал Алматы аймағында...

Бұрынғы кезде көз астына алып қойған қызға сырғаның орнына үкі таққан. Бұл дәстүр Алматы тұрғындарының кейбірінде сақталған. Үкі таққан қыздың атастырылып қойғанын, біреудің аманаты екенін бірден білуге болады. Қалың мал мен сүтақы салты да қалтқысыз орындалады. Тіпті, бақуатты отбасылар қыздың әкесіне де ерекше сый жасап, көлік мінгізіп жатқанын естіп жүрсіздер.

Ал қыздың жеңгелері «күйеу қоржыннан» салмақты сыйлықты дәметеді. Қоржын жасамаған күйеу сараң, шығайбай деген атқа қалады. Қоржын тәттілермен, зергерлік бұйымдармен толтырылады. Той кезінде қазақтың түрлі ойындары ойналып, қонақтарды шат-шадыман күйге бөлейді.


сурет: passionforum.ru


Міне, келін түсірген кезде жасалатын дәстүр түрлерімен де танысып алдық. Келген келіннің аяғы құт болып, әрбір шаңыраққа шаттық орнасын! Жаңадан босаға аттаған келіндеріміз алтын асықтай ұлдардың, қызғалдақтай қыздардың асыл АНАсы болсын!

Мақалаға түрлі дереккөздер пайдаланылды


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?


Құлақтың шыңылдауы нендей құпияны айтады?

Тұңғыш баланы ата-әжеге беруге болмайды екен «Ашамайға мінгізу» салты туралы білесіз бе?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет