Ат тергеу дәстүрін дұрыс қолданып жүрміз бе?

0
7 303

– Жеңеше, мені енді «Еркебала» деп атамаңыздаршы, ұлдарым өсіп келеді. Басқа тұрмақ өз балаларыма мазақ бола бастадым. Кеше үлкен ұлым келіп «Біз сізге әкеміз деп еркелеп жүрсек, өзіңіз еркелеп жүрген бала екенсіз ғой» демесі бар ма?! Не дерімді білмей сасып қалдым. Енді маған жасыма, болмысыма қарай басқа ат қойыңыздаршы, – деп қайным өтінді.


Ат тергеу дәстүрін дұрыс қолданып жүрміз бе?

– Жеңеше, мені енді «Еркебала» деп атамаңыздаршы, ұлдарым өсіп келеді. Басқа тұрмақ өз балаларыма мазақ бола бастадым. Кеше үлкен ұлым келіп «Біз сізге әкеміз деп еркелеп жүрсек, өзіңіз еркелеп жүрген бала екенсіз ғой» демесі бар ма?! Не дерімді білмей сасып қалдым. Енді маған жасыма, болмысыма қарай басқа ат қойыңыздаршы, – деп қайным өтінді.

Мен қалжыңдап: «Біз үшін 60-қа келсеңіз де еркебаласыз, ешқандай да басқа ат қоя алмайды екенбіз. Әбден Еркебала деп атап үйренгенбіз. Басқа ат қойсақ та онымен шақыра алмаймыз», - дедім. Ол мұңайған кейіп танытып өз үйіне кетті.

Ойланып қарасам шынында да жаңадан босаға аттаған келінге қайынжұртындағыларға ат қою рәсімі кезінде кәдімгідей шеберлік пен ұшқыр ой керек екен. Үйдің кенжесіне еш ойланбай «Еркебала» немесе «Еркеқыз» деп ат береміз. Ал ол өспей ме, ол да бір кездерде әке, ата болмай ма? Соны ойланбайды екенбіз. Мейлі қыз баласы қанша жасқа келсе де, шаңырақтың еркесі, берекесі болып қала береді. Оларға «Еркеқыз, Кенжеқыз» деген ат жарасады. Ал қайынініге ат қоятын кезде асықпаған жөн екен.

Қайынжұртыңдағы үлкенді-кішіге ат қою қазақ халқында «Ат тергеу» деп аталады. Кейбір қалалық келіншектер өзбектерден келген салт, біз бір-біріміздің атымызды атап шақырамыз. Онда тұрған ештеме жоқ деп білгіштенеді. Негізінде ат тергеу салты ешқандай да өзбектерден келген салт емес. Бұл дәстүр бағзы заманнан бері қолданылып келеді. «Сіз де, сен де бір ауыздан шығады. Сіз деген қатынас сыйластықты, ізеттілікті, кішіпейілділікті білдіреді. Сіз дегеннен кішірейіп қалмайсың, керісінше өзіңе деген құрметті арттырасың әрі барған жеріңе тез сіңуіне ықпал етеді» деп анам үнемі айтып отырады. Мұны қыздарынан да, келіндерінен де талап етеді.

Ат қою кезінде қайын ененің, абысындардың көмегі қажет болады. Олармен ақылдасқанның айыбы жоқ. Өйткені жаңадан ғана босаға аттаған келін үйдегілердің түр-тұлпатын, мінез-құлқын ә дегеннен-ақ тани қоймайды. Сондықтан да үлкендердің ақылына жүгінген жөн.

Текті жерден шыққан, тәрбиесі мен өнегесін ұштастырған, ана ақылы мен әке сөзін пір санаған қазақ қызы келін болып қадам басқан соң барған әулеттің үлкендерін атымен атамайды. Қайынағасы мен қайынбикелеріне де шеберлікпен ат қояды. Мәселен, бай ата, қажы ата, әкім қайынаға, сері қайынаға, дәрігер қайынаға, шабандоз қайынаға деп мәртебесі мен мансабына қарай ат қояды, ал қайынбикелеріне сұлу әпкем, оқытушы әпке, қаракөз әпке деген сияқты немесе тұратын жеріне байланысты Алматыдағы әпке, Астанадағы әпке деп оларға деген ізетін осылайша білдіреді. Ал қайнылары мен қайынсіңлілеріне де өздеріне ұнайтын, жарасымды ат қояды. Мұны жаңа келін өз үйіндегі жеңгесінен, анасынан үйренеді. Ат қоя алмаған келін үлкендер тарапынан қатты сынға ұшырайды. Онымен қоймай ататегіне, әке-шешесінің атына сөз келтіреді.

Қазақ қызы қашанда барған әулетінің келіні ретінде тәртібі мен қағидасына бағынып, сол елде өсемін, өрісімді кеңейтемін, ұрпағын көбейтіп, алтын құрсақты ана боламын деген асыл арман қою керек. Егер де ат қоймай өз атымен атаса, өзінің көргенсіздігін, тексіздігін, тәрбие көрмеген, әдепсіздігін аңғартады.

Байқасаңыз, кейбір келіншектер күйеулеріне сіз деп сөйлейді. Атын атамай отағасы, әкесі, Жәкең, Сәкең деген сияқты ат тергейді. Бұл да бір жұбайлар арасындағы сыйластықтың, ізеттіліктің керемет көрінісі. Мұны естіген сол үйдің ұлы мен қызы да сыпайылыққа, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге үйренеді. Мұны тәрбиенің ең әдемі тұсы деуге болады. Егер ханшайымдай өмір сүргің келсе, күйеуіңді патшадай сыйла деген осындайда айтылса керек.

Көптеген отбасыларда тұңғыш немерені ата-әжесі бауырына басады. Оған өз перзенті ретінде қарайды. Кейбір әулетте баланың әкесі өз перзентіне інісі немесе қарындасы, ал шешесі қайнысы не қайынсіңлісі ретінде қарап, лайықты құрмет көрсетеді. Сөйтіп әжесінің нұсқауымен оған жанама ат қояды.

Ат қою дәстүрін қатаң түрде ұстанған келін күйеуінің ғана емес, тұтас бір әулеттің құрметін биік қойғаны деп білуге болады. Қазақи қасиетімізді аңғартатын ат тергеу салтын сіз қалай орындап жүрсіз? Сіздіңше, ат қою дәстүрі дұрыс па?

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ