​МҰНДАЙ ЫРЫМды естігенсіз бе?

0
4 291

Ауруды көшіру деген ЫРЫМ бар.


​МҰНДАЙ ЫРЫМды естігенсіз бе?

Қазақтың ырымы көп. Ырымға сенбейтіндер де баршылық.

Дегенмен, ырымның барлығы да адамның жақсылықты қалағандығынан туындайтыны анық, оны ұстанғаннан зиян шегіп жатқан ешкім жоқ, керісінше кейде ырымға сенгеннің шаңырағында қуаныш болып, өмірлері жақсы жаққа өзгеріп жатқандығының да куәсіміз. Соның ішінде көбінесе қазақта отбасына қатысты, балаға қатысты, ырым-тыйымдар өте көп.


Бала кезімде отбасымызда бір жағдай болған еді, менің көзқарасымды өзгерткен әлде қалыптастырған жағдай еді ол.

Ол кезде жаңылмасам, сегізінші-тоғызыншы сыныптарда оқитын қызбын. Барлығы да есімде. Сондықтан мен таңданысымды жасыра алмаймын және сол оқиғадан соң мен ырымға қатты сенемін. «Ырымға сену- дінге қайшы» деп ойлайтындар мұның еш жамандығы жоқ екеніне көзі жетсе қазақтың даналығын мойындар еді.

...Кенет кіші сіңлім қатты ауырды. Алдымен қызуы көтерілді, мазасызданып жылай берді. Ал баласы ауырған ата-ана жанын қоярға жер таппайды ғой. Оны дәрігерге алып барды.

Дәрігердің жазып берген дәрілерін қабылдап, біршама уақыт жақсарып қалғандай болған еді, біраз уақыт өтіп, қайтадан ауырды. Дәрігерлер де суықтап қалған деп уыс-уыс дәрілерді тағайындайды. Баласының денсаулығын жақсарту үшін анам ол дәрілерді уақытылы беріп отырады. Біршама уақыт дұрысталғанымен, дәрінің күші қайтқанда тағы да сол жағдай қайталанады.

Бесікте жатқан бала ғой, қайта-қайта ащы дәрімен ағзасын улап жатырмын-ау деп қамыққан анам не істерін білмей басы қатады.

Күніне бірнеше рет ұстамасы ұстап, ісініп ауырған сіңліме ешбір дәрігер нақты диагнозын қоя алмады. Мұндайда қазақ «қазақшылыққа» жүгінеді. Баласы ауырған ата-ана баласы үшін шарқ ұрып қолдан келгенінің бәрін жасайды ғой.


фото: ok.ru

Біреулер үшін «дінге қайшы» болса да қолынан келген бар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты ата-анам.

Содан осылай жиі-жиі ауыра берген соң, анам оны мүмкін емі қазақшылықта шығар деп анда-санда бір «түкіртіп тұратын» тәуіп апаға алып барды. Ол әйел бізбен көрші ауылда тұрады. Өзінің емін жасап ол да жібереді. Сол емшіден қайтып келе жатқан жолда баланың шырылдап жылап келе жатқанын көрген бейтаныс бір әйел сіңлімді жұбата алмай қиналып келе жатқан анама қарап бір ырымды айтады. Ол әйелдің айтуынша, «жаңа туылған күшікпен бірге өсірсең қызың жазылып кетеді» депті.

Сол сәтте анам оның сандырағына аса мән бермепті. Бірақ қайтсем перзентімді айықтырамын, қайтсем қатарға қосамын деп шырылдаған анам сіңлімді алып ауруханаға да жатып шықты. Жағдайы жақсарып кеткен жоқ. Күннен күнге кері кетіп бара жатқан баламды қалай аман алып қаламын деп шырылдаған анам кімнен не естісе соны орындайды. Біреулер «есімін ауыстырыңыз» дейді, оны да орындайды. Бізге де сіңлімнің азан шақырып қойған есімін айтқызбай, «Сұлу» деп ататқызды. Бәрібір жағдайы дұрысталмады. Дәрігерлер де үміт үзіп, ата-анама «кез-келген жағдайға дайын болыңыздар» дейді. Жағдайы нашарлағанда ауырған баланы көтеріп түнде ауылымыздың медбикесін іздеп үйіне барады. Сөйтсе сол үйде, есігінің алдында иті күшіктеп жатыр екен, шарасыз анамның есіне көшеде көрген бейтаныс әйелдің айтқан сөзі түседі. Сөйтіп, үй иесінен сұрап бір күшікті баласымен қосып құндақтап алады. Соңғы үміті күшікте болып, сіңліммен бірге жатқызып, бірге бағады.

Сөйтіп сіңлімнің беті біртіндеп, жәймен бері қарады. Ата-анамның қуанышында шек жоқ. Қазаққа, жалпы мұсылманға жат болса да күшікті сіңлімнің сыңарындай етіп бірге өсірді анам. Біз де оған үйрендік. Кейін сіңлім жазылған соң, күшік те үлкен ит болды, есік алдына шығардық.

Айтпағым, қазақта науқастың ауруын көшіру деген ырым бар. Ол төсек тартып немесе қатты ауырып жатқан адамның туыстары оның киімін киіп үйден аулаққа, тойға немесе жәрмеңкеге барып көңіл көтеріп қайтқан.

Сол секілді ауруды малға көшіру де ырымы. Ауырған адам осы ырымды жасаған соң оңалып кетіп жатса, мұндай ырымның жаман жағы жоқ қой.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:



«ҰШЫҚ-ҰШЫҚ» ырымын НЕ ҮШІН жасайды?