«Жерұшықты» баланың көзі қарауытып, басын көтере алмай, құсып, мүлдем тамақ ішпей қалса жасайды.
Ауылда туып, ауылда өскен бала болғасын ба, әлде менің әжем ерекше болды ма, білмеймін, әйтеуір қазақтың «ырым» дегеніне қатты сенемін.
Қазіргі кезде әженің қызы, ауылдың қызы дегенге «намыстанатын» «қалалық қыздар» секілді емеспін. Шынында да ауылдан шықтым, «ауылбай» деген сөзге еш намыстанған емеспін, керісінше ауылдан өте көп нәрсені үйренген сияқтымын.
Қазір қалада тұрып жатсам да, өзім ана болған соң, балаларыма көбінесе әжемнен үйренген тәсілдерімді қолдана отырып тәрбиелеймін және сырқаттанып, аздап мазасыздана қалса да әжемнен көрген әдістер бойынша «емдеп»,жазып аламын.
Әжем бала кезімізде сәл ауырыңқырап қалсақ «жер ұшық» жасап, отпен аластайтын. Содан екі-үш күнде жазылып, жүгіріп ойнап кетуші едік.
Бас айналып, жүрек айнып, тоңып немесе дененің қызуы көтерілуіне байланысты ауруларды ұшыну деп түсініп, оған қолданылатын емді ҰШЫҚТАУ деп атаған. Ұшықтаудың жалғызұшық, қазанұшық, жерұшық деген түрлері бар.
Мен өте «жиіркеншек» бала болдым. Содан болар, көбінесе ұшынып ауырып қала беретінмін. Өзім жақсы білетін жиі баратын, дастарханы маған жақсы таныс үйден басқа жерден ас ішпеуші едім. Егер көңіліме ұнамаған ас ішсем немесе секем алсам аузыма ұшық қаптап кететін.
Әжемнен көргенімді жасағанда балаларымың мазасызданғаны сап тыйылғанда қуанамын шыны керек. Қазақтың ырым-тыйымының, наным-сенімдерінің пайдасы болғанына.
Бала күнімізде құсып, не ішіміз өтіп ауырып қалсақ, дел-сал болып, мазамыз қаша бастаса әжем кешке батып бара жатқан күнмен таласып бізге «жер ұшық» береді. Екінші күні түк болмағандай шауып кетеміз.
Ұшықтағанды балаға көз тигенде де қолданады. Мен қазір өзім де ырымдарды қатты ұстанамын. Балаларым сәл ауырып қалса жер ұшық жасаймын, отпен аластатам, дұға оқимын.
фото: kazislam.kzБалаға көздің тиюі де екі түрлі. Егер ер адамның көзі тисе, баланың денесі суып, өзінен-өзі мазасызданып, кіші дәретке жиі-жиі отырады, қолға тұрмай шалқалап жылайды.
Егер әйел адамның көзі тисе: баланың денесі қызып, шырқырап жылап, тәбеті нашарлап, мүлдем емшек ембей қояды. Мұндай жағдайда әжелер немерелерін тезірек ұшықтауға кіріседі.
Кесеге су құйып, оның ішіне бір шымшым тұз салады. Баланы ұстап тұрады немесе өзі отыра алатын бала болса, отырғызып, баланы айнала жүріп, тұз салынған суды ұрттап балаға бүркиді. Ұшықтай жүріп «баламды тіл-көзден, дұшпанның назарынан сақта Аллам» деп айтып жүреді. Әбден кеседегі су таусылғанша осылай бірнеше қайталап ұшықтайды.
Тағы бір жолы күн батар уақытта баланы құбылаға қаратып отырғызады. Баланың қасында Фатиха сүресі дауысталып оқылады. Сүре аяқталған соң,суды аузымен бүркегенде баланың денесі тітіркенуі керек. Баланың денесі дір етіп суды сезінуі маңызды. Содан соң баланы жып-жылы орап, жатқызады. Бала жақсылап терлеп, құлан-таза айығады.
«Жерұшықты» баланың көзі қарауытып, басын көтере алмай, құсып, мүлдем тамақ ішпей қалса жасайды.
Баланы күн ұясына батып жатқан сәтте сыртқа шығарып, құбылаға қаратып отырғызады. Фатиха сүресін оқиды да, баланы сәждеге басын тигізеді. Баланың маңдайы жерге тиіп тұрғанда, анасы: «Иә, Аллам! Балам ұшынған жоқ, қара жер ұшынды!» деп үш рет айтады. Содан соң баланың басынан бастап сипалап, сол сипалаған күйі қолын жерге тигізеді. Барлық ауру қара жерге кетті деп тұрғызады. Содан соң баланы артына қаратпай, үйге алып кіргізеді. Жылы орап ұйықтатады. Өте керемет ем.
Абайсызда құлаған баланы шошынудан, пәле жабысудан сақтау үшін баланың құлаған жеріне алақанын тигізіп, сонан соң «ұшық, ұшық, Алла, бәледен сақтай гөр, көзге көрінер-көрінбес пәледен сақтай гөр» деп, алақанын баланың ауырсынған жеріне тигізеді. Осылай үш рет қайталайды.
Кейбіреулер ұлтарақты өртеп, түтінімен көз тиген баланы аластап жатады. Енді әркімнің сеніміне байланысты шығар, бірақ баланың жылағаны сап тыйылғанын көргенде шынында да таңырқайсың.
Кез-келген дерт ұшынып кетпес үшін әуел баста «жер ұшық» жасаған өте дұрыс екен.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз:
«ӨЛІ-ТІРІ» кәдесі жасалмаса НЕ БОЛАДЫ?
ИНЕнің ЖІБІН ұзын етіп сабақтаса, ҰЗАҚқа тұрмысқа шығады