​ТҮБЕК пен ШҮМЕКті төңкеруге болмайды

0
3 119

Түбек пен шүмек - сәбидің мүлкі.


​ТҮБЕК пен ШҮМЕКті төңкеруге болмайды

фото: danaqaz.kz

Қарапайым тыйым секілді. Бірақ осындай ұсақ-түйектің біз мән бермейтін тұстары өкінішке ұрындыруы мүмкін.

Жалпы ырым-тыйымдар белгілі бір негізге сүйеніп шығарылады ғой.

Қазақ қандай ырым мен тыйымдарды қолданса да жай ғана емес, оның бір сыры болғандықтан, күнделікті тұрмысымызға енген болуы керек.


Қазір мұндай ырым-тыйымдарға мән бермейтіндер көбейіп барады. Соның әсерінен қиындыққа душар болып жатқандар да жоқ емес. Мүмкін қазіргі кезде маңыздылығын жойған ескі ырым-тыйымдар да бар шығар, дегенмен оны құрметтеуге міндеттіміз.

Қазақ үшін бесіктің қасиеті бар. Әр үйдің төрінде қастерлеп сақтайтын бұйымы-ол бесік. Бірақ бесіктің орнын алмастырған жас жанұялар да бар. Ол үшін оларды жазғыруға да болмайтын шығар бәлкім, себебі заман алға жылжып, технология ілгеріп жатқан кезде әркім өзінің жайлылығын ойлайды.


Алайда, нәресте үшін бесіктен артық жұмақ мекен жоқ деп көпті көрген апаларымыз текке айтпаса керек. Адам баласының өмірін «тал бесіктен жер бесікке дейін» деп сипаттаған бабаларымыздың жүріп өткен жолын жалғастыру, олардың ұстанымдарына қарсы келмей, құрметтй білу де адамгершілік тұрғысынан алғанда да дұп-дұрыс.


Өзіміз де шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бесікке бөлендік, есейген сәтте де бесікке бөленіп өскен іні-қарындас, сіңлілерімізді көрдік. Өзіміз де ақ жаулық тағып, ана атандық, бесік таяндық.

Саралап отырсам, көргеніміз бен көңілге түйгеніміз қазақтың салт-дәстүрінен, ұстанымдары мен ырым-тыйымдарынан мүлдем бас тартып кете алмайды екенбіз.


Үлкен әулет болдық. Шүпірлеген бала-шаға, ата-анамызбен, ата-әжемізбен бірге үлкен қара шаңырақта тұрдық. Әкемнің інілері де бірінен соң бірі үйленіп, бауырларымыз өмірге келді. Ата-әжеміз екі келінді қатар ұстап, қол астында тәрбиеледі. Үшінші келін әулетімізге келгенде біреуіне енші беріп шығаратын. Осы үрдісті көріп өстім. Сонда өзімізден кейінгі бауырларымызға қарайласып, жұмсаса шапқылап жүретінбіз. Жеңгеміз бесікті жасап, түбекті төгіп, шайып келуге жұмсаса жүгіріп баратынбыз.


Сонда ең кіші жеңгем тұңғышын босанып, қайынсіңлісін жұмсауға ыңғайсызданды ма екен, өзі бесікті тазалап, түбек пен шүмекті жуып, күннің көзі түсетін жерге төңкеріп қойған болатын. «Тез кепсін» деген ойы шығар, әлде мұндай ырымды білмейтін де шығар.

Жеңгемнің бесіктің түбегі мен шүмегін төңкеріп қойғанын көрген әжем оған ұрыспай, жай ғана сөзбен түсіндіріп айта бастады.

фото: ВКонтакте

«Бесікке қолданып жүрген түбекті, шүмекті төңкермейді. Себебі түбек пен шүмек нәрестенің рахаты үшін жасалған мүліктер. Оны төңкеріп қойса, ішіне кір жабысады, от басына қойса, қурап-семеді, сондықтан таза жуып, күн көзіне қақтау керек, өйтпесе бала қуығы тұтылып ауырады деп ырымдалады.

Қай-қайсысың болсаң да, саналарыңа құйып жүріңдер. Сендер де ертең ана боласыңдар» деп бізге де, яғни немере қыздарына бұрылып қарады.


"Ақыры түбек пен шүмек, бесік жайлы сөз бастаған екенмін, біле жүргендерің өздеріңе жақсы. Себебі, баланың дені сау болып өсуі үшін осындай ырым-тыйымдарға мән берген де дұрыс.


Бесіктегі бала шошып жылай берсе, ұйықтай алмаса, қорғасынды ерітіп жерге құяды. Сонан кейін құйылған қорғасынның пішініне қарап баланың неден шошынып ұйықтай алмағанын жориды да, сол қорғасынды бесіктің басына іліп қояды.


Бесікті бейуақытта сыртқа шығармайды. Нәрестені алты айдан асқанша үйде жалғыз қалдырмайды. Өйткені қараңғылық пен жарық жер бетінде таласып тұрған кезде Бақ пен Сор да тез алмасады. Перілер мен жын соғысып жатады дейді. Осы кезде ұйықтауға да болмайды. Бейуақтың күнәсі жабысады деп ырымдалады. Кіндігі қатпаған сәби осы мезгілде үйде жалғыз жатса, шошынады, перілер баланы алып кетіп, орнына өздерінің ақыл-есі дұрыс емес баласын тастап кетеді деп жориды. Кейде баланың ұрық безі бұзылып, рухынан айырылады, сондықтан қасынан адам үзілмегені жақсы.


Баланың сүйегі қатайып, жасына толғанша мейлінше бөлме ішінде жалғыз қалдырмау керек.


Осыны ұғып алыңдар. Қазір сендерге бір ертегі немесе қиял-ғажайып айтып отырған секілді күлкілі көрінсе де солай, бұл ақ жаулықты аналарымыздан жалғасып келе жатқан үрдіс. Сол үрдісті бұзуға ешкімнің де хақысы жоқ. Себебі, әрбір нәресте ертеңгі елдің болашағы. Елдің бетке ұстар азаматы.


Сол азаматты тәрбиелеймін десеңдер, бесіктен бастаңдар. Ол осындай ұсақ-түйек болып көрінетін дүниелерден басталады" деп түйіндеді әжем сөзін.


Баланың санасы тез қабылдай ма, әлде терең жатталып қала ма екен, әжемнің сол сөзі бесікті көрген сайын ойыма оралады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


"Қыз берген ҚҰДАҒИҒА сырғаны БІР ЖЫЛДАН СОҢ ТАҒАДЫ" - дәстүр солай ма?




Қазір «КҮЙЕУДІ САБАП» тұру керек пе?