«Айкөне» жаттығуымен омыртқаны 21 күнде емдеуге болады – жаттықтырушы

0
5 595

"Білесіз бе, кейде 21 күннен кейін адамдардың жаттығуға дейінгі және кейінгі суреттерін көргенде оларды танымай қаламын".


«Айкөне» жаттығуымен омыртқаны 21 күнде емдеуге болады – жаттықтырушы

Фото: zen.yandex.ru

Бізге шет елден келген дүниелердің бәрі таңсық. Мәселен, гимнастиканы алайық. Жапонның табатасын, қытайдың цигуны мен үндінің йогасын көпшілігіміз жақсы білеміз. Денсаулығымызды нығайту үшін де, артық салмақтан арылу үшін осы жаттығуларды орындап жатамыз.

Бізде ше? Қазақта гимнастика болмаған дерсіз. Жоқ, бар. Болғанда да бүгінде Ресейдің денсаулық сақтау комитеті мен ғалымдары мойындаған жаттығулар жүйесі бар. Ол – атауы да, болмысы да қазақи «Айкөне». Соңғы уақытта аталған жаттығуды жасауға бет бұрғандардың саны артып келеді. Осы орайда біз ежелгі қазақ гимнастикасын жаңғыртуға атсалысып жүрген Динара ханыммен сұхбаттасқан едік.



Шымкент қаласындағы «Айкөне» орталығының негізін қалаушы әрі жаттықтырушы – Динара Сапарқызы Жақыпбекова.


- Динара ханым, алдымен «Айкөне» жаттығуы туралы мәлімет берсеңіз. Бұл жаттығу қалай пайда болды?

- «Айкөне» – өзіндік ерекшелігі бар йога, цигун сияқты жаттығу. Жаттығуды емші Абай Ақатұлы Баймағамбетов ойлап тапқан. 1998 жылы Абай Баймағамбетов қазақтың ежелгi малдас құруы, атқа отыруы және басқа да өзiне тән қасиеттерiнен өрбитiн дене қимылдарын топтастырып, «Айкөне» ұлттық жаттығулар кешенiн жасаған. Кейін жаттығуды ел ішінде жарнамалауға көшеді. Бірақ қолдау таппағандықтан үш айдан соң Ресейге бағыт алады. Новосібірдің ғылыми зертту институты «Айкөнені» медициналық жаттығу ретінде мойындайды. Ал 2002-2003 жылдары Мәскеуде патент алады. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласында Абай Ақатұлы өз клиникаларын ашады.

«Айкөне» – негізінен омартқаны емдеуге арналған жаттығулар жүйесі. Омыртқаның сау болуы – денсаулықтың басты кепілі. Жаттығуда адам омыртқаны керу арқылы сыртқы ортаның әсерінсіз, терең бұлшықеттерге күш түсіріп, қан айналымын кемеліне келтіре алады, небары 15 минуттың ішінде омыртқа қызып, ағзадан тер шығып, тәннің сауығуы күшейеді.

Ежелгі қазақ даласында бұл әдіспен жауынгерлер, сынықшылар, емшілер айналысқан. Бүгінде оны қайта жаңғыртушы Абай Ақатұлы көп еңбегінің арқасында тек қазақ елінде ғана емес, шетелдерде де кең таныта бастады. Әбден зерттеліп, пайдасы дәлелдеген гимнастиканың бұл түрін Франция, Беларусь, Германия және Үндістан сынды мемлекеттер өз медицинасында кеңінен пайдалануда.


- Сіз қай уақыттан бері жаттығумен адамдарды емдеп келесіз?

- Мен жаттығудың қыр-сырын 2018 жылы Абай Ақатұлынан үйрендім. Сертификат алып, кейін франшизасын сатып алдым. Кейін Шымкент қаласында «Айкөне» орталығын аштым. Абай емшінің өзі келіп орталықтың ашылу салтанатына қатысты.


- Жаттықтырушы болу үшін медициналық білім қажет пе?

- Жоқ, медициналық білім қажет емес. «Айкөне» жаттығуының орындалу тәсілін тек Абай Ақатұлы үйретеді. Инструктор болу үшін ең алдымен сол кісіден оқып әрі сертификат алу қажет.


- «Айкөне» қандай ауруларды емдейді?

- Қазақи гимнастиканың көмегімен омыртқаның скалиоз, остеохондроз, омыртқа жарығы, протрузия секілді дерттерін емдеуге болады. Тек ауруларды емдеп қана қоймай, адамның психоэмоциялық жағдайын реттеуге көмектеседі. Адам ағзасындағы жүйке түбірі омыртқаның ішінде орналасқан. Адамның психоэмоциялық жай-күйі, сезімдері омыртқамен байланысты деуге болады. Егер омыртқа түзу болса, адам өзін жақсы сезінеді. Өмір сүруге құштарлығы артады, көңіл-күйі жақсы болады.


ФОТО: aikune_shymkent инстаграм

- Бір курс қанша күнге созылады? Дерттен құлан-таза айығу үшін қанша уақыт жаттығу жасау керек?

- Бізде барлық курстардың уақыты 10 күн деп есептелінеді. 10 күндік курсты міндетті түрде инструктордың бақылауымен орындау қажет.

Негізінде толық базалық курс 21 күн. Бұл қазақтың ырымында кездесетін дата. Оның ғылыми негізі бар. 21 күнде омыртқаны (егер онда белгілі бір ауру болмаса) толықтай емдеуге болады.

Бірақ сауығу мерзімі адамның жас мөлшері, аурудың күрделілігіне де байланысты. Мысалы, жеңіл түрі – бүкірлік, скалиоздың 1-ші және 2-ші дәрежесі болса 10 күн жеткілікті. Ал омыртқа жарығын емдеуге кемі 3 ай қажет болады. Бүкірліктің 2-ші және 3-ші дәрежесін (іш құрылысының түгел қисаюы) емдеу үшін 2 жыл уақыт керек.

Адамның дертен сауығып кетуі бірінші кезекте оның ынтасына байланысты. Біз жаттығуларды қалай дұрыс жасау керектігін көрсетеміз. Оларды тұрақты түрде орындап отыру - тек науқастың қолында. Бұл жаттығуды орындау үшін өзіңді қинауың қажет. Егер адам жаттығуды дұрыс әрі үздіксіз орындаса, 100 пайыз нәтижеге жетуге болады.

Омыртқасында қандай да бір ақаудың бар екенін азаматтар рентгенге түсіріп біле алады.


- Сізге адамдар көбінесе аурудың алғашқы белгілері байқалғанда келе ме әлде ауруы асқынған науқастар келе ме?

- Әртүрлі, кейбіреулер аурудың ең алғашқы дәрежесі кезінде келеді. Ауруын асқындырып алған жандар да жиі жазылады. Соңғы уақытта балаларын әкелетін ата-аналардың саны артты. Олардың балалардың денсаулығына бей-жай қарамайтындығы қуантады.

Маған тіпті дәрігерлер де келіп емделіп кетеді.


- Жаттығу қалай орындалады?

- Бұл жаттығулардан адам атқа мінгендегідей, садақ тартып немесе жайшылықта ер үстінде отырғандағыдай күйге енеді.

Жаттығулар әр бұлшық етті қозғалтуға арналған. Өте баяу жасалады. Бірінші кеуде белі және мойын омыртқасындағы мәселелерді анықтау үшін омыртқа бұлшық етіне қысым түсіреді. Сосын омыртқаны барынша созады. Екі жауырынды бір-біріне айқастыруға тырысады. Тіпті миды да іске қосу керек. Себебі оны тек денемен емес, ой-санамен сезініп орындайды. Жаттығу кезін инструктор бақылап отырғаны дұрыс. Адамның қабілетіне, шыдамдылығына байланысты 40 минуттан 1 сағатқа дейін жаттығу жасауға болады. Әр ауруға байланысты уақыт та өзгеріп отырады. Ең алғашқы жаттығу 5 минуттан басталады.

Статика яғни әр жаттығудан кейінгі тыныштық күйі 3-10 минутқа дейін созылады. Әр жаттығудың дұрыс жасалуын біліп алған соң мұның бәрін үйде өзіңіз жасай аласыз. Күніне 20 минутты (егер мүмкін болса 40-50 минут) «Айкөнеге» арнауды әдетке айналдырған дұрыс.


ФОТО: aikune_shymkent инстаграм


- Жаттығуды кімге және қай кезде жасауға болмайды?

  • Аяғы ауыр әйелдерге;
  • Қатерлі ісігі бар адамдар;
  • Созылмалы аурудың асқынуы кезінде;
  • Омыртқаға жасалған отадан соң (жол апатынан соң);
  • Өткір жұқпалы яғни инфекциялық ауру кезінде.


- «Айкөнеде» қанша жаттығу бар?

- Қазіргі таңда «Айкөне» жаттығуларының саны 9000-нан асады. Оның 2000-нан астамы дене қимылы арқылы болса, 7000-ы транс жағдайында жасалады. Жаттығулардың толық атауы Абай Ақатұлының өзі ғана біледі. Ол маған «Айкөненің» тек сауықтыру жаттығуларын ғана үйретті.

«Айкөне» жаттығулары қазақ руларының атауымен аталады: төре, керей, адай, арғын, жаныс, құмық, тама, суан.

Менің қазіргі қолданып жүргенім базалық курс. Бұл курстағы ең алғашқы жаттығу – "төре". Оны орындағанда бұлшықеттер қызады, кейін екінші жаттығу – "керейді" орындаймыз. Омыртқаларды тартып, созамыз. Созу арқылы омыртқа түзуленеді және қан айналымы жақсарады. Кейін "қыпшақ" жаттығуы, осылай жалғаса береді.


ФОТО: aikune_shymkent инстаграм


- «Айкөненің» нәтижесі қанша күннен кейін байқала бастайды?

- Курстың үшінші күнінде адамның халі жақсарып, бойын тік ұстай бастайды. Ең бірінші адам бойында күш-қуат артады, ұйқы қалыпқа түседі, сергек болып жүреді, көру қабілеті, көңіл-күйі жақсарады. Бұлшық еттерді қозғалту барысында сіңірлер де созылады. Жаттығудың арқасында тыныс алатын кеуде бұлшық еті кеңейеді. Осылайша тыныс алу жақсарады. Денеге оттегі барады. Диафрагма кеңейеді, қарын жоғалып, ішкі ағзаларда өзін-өзі массаждау процесі жүреді. Қан айналым жақсарады. Омыртқаны жайлап созу қауіпті емес. Адам бұлшық етін қыздыратыны сонша жаттығудан кейін малмандай тер болады. Шлактар шыға бастайды.

Білесіз бе, кейде 21 күннен кейін адамдардың жаттығуға дейінгі және кейінгі суретерінен фотоколлаж жасағанда оларды танымай қаламын.

Сұхбаттасқан: Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Мына ТЕСТТЕН ӨТЕ АЛҒАН адам ҰЗАҚ ӨМІР СҮРЕДІ


БҰЛ жаттығу БЕТ пішінін БІР айда өзгертеді