​Денені шынықтыру арқылы МИДЫ да жаттықтыруға болады

0
625

Спорт арқылы миды да шынықтыру үшін жаттығуларды дұрыс жасасаңыз болғаны.


​Денені шынықтыру арқылы МИДЫ да жаттықтыруға болады

Фото pbs.twimg.com

Адам ағзасының барлық мүшесі үздіксіз қимыл-қозғалысқа, шынығуға зәру. Олай етпеген жағдайда ағза мүшелерінің жұмыс қарқыны бәсеңдейтіні белгілі. Көпшілік адамдар денені, бұлшықеттерді ширату жолы бір бөлек, миды жаттықтыру, ақыл-ойды дамыту жолы бір басқа деп есептейді. Ал, шындығында, спортпен дұрыс айналысудың арқасында бір оқпен екі қоянды да атып алуға болады.

Ғалымдардың соңғы уақыттағы зерттеулері спорттық жаттығулардың көмегімен бір мезгілде бұлшықеттерді білеулендіріп, денені ширатып, онымен қатар ақылдырақ бола түсудің мүмкін екенін дәлелдеді. Дұрыс құрылған жаттығулар кешенін орташа қарқынмен, бірқалыпты жасап жүру ми жұмысын жақсартатын жаңа жасушалардың түзілуіне ықпал ететін болып шықты.

Бұл жерде негізгі түйін «дұрыс құрылған жаттығу кешені» және «орташа қарқынмен, бірқалыпты» сөздерінің астарына түйілген. Тарқатар болсақ...


Ең алдымен, сіз айналысып жатқан спорт түрі өзіңізге ұнауы, көңіліңізден толықтай шығуға тиіс. Тек жаттықтырушының айтуымен, солай жасау қажет болғандықтан жасалған жаттығудан миға ешқандай жақсы әсер болмайды. Сондықтан, қандай да бір спорт не жаттығу түріне тоқталарда түйсігіңіздің таңдауына ерік беріңіз. Сонда «қуаныш гормоны» көбірек бөлініп, ойлау жүйеңізге, өзіңізді жақсы сезінуге, көңіл-күйдің көтеріңкі болуына оң ықпалын тигізеді.


Екіншіден, жаттығу кезінде тым қарқынды, аса белсенді болмаңыз. Әсіресе, кәсіби спортшы емес, жаңадан бастап келе жатқан болсаңыз. Көздеген нәтижеге де асығыстықпен ұмтылмаңыз. Жаттығуларыңыз орташа қарқынмен, бірқалыпты, бірақ үздіксіз болсын. Ақ тер, көк терге түсіріп, титықтататын жаттығулар басқа бұлшықеттерге қандай пайдасын тигізсе де, дәл «ми» аталатын бұлшықетті шынықтыра қоймайды. Керісінше, шаршатады.


Тағы бір ескерер нәрсе – жаттығу алаңы атмосферасының сізге жайлы болуы. Ол үшін өзіңізге ұнайтын адамдармен жаттығу, жаныңызға жағатын әуен қосып қою сынды айлаларға жүгінуге болады. Ең бастысы, жаныңыздың тыныш, көңіліңіздің тоқ болғаны.

Міне, осындай қарапайым ғана кеңестерді есте сақтап, ескере жүрсеңіз, спорт пен салауатты өмір салтының тигізер пайдасы еселене түсері анық.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

Дереккөз: gurutest.ru

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет