Қандай жағдайда спортпен айналысуға болмайды?

0
4 869

Осы жағдайлар ғана спорт атты серігіңізден сәл де болса ажырай тұруға рұқсат беріледі.


Қандай жағдайда спортпен айналысуға болмайды?

фото: fitnessfury.ru

Спорт, белсенді қимыл-қозғалыс — бұл энергияның қайнар көзі. Денсаулықты мығым, денені шымыр етудің бірден бір жолы. Сол себепті де онымен күнделікті әрі уақытылы шұғылдану маңызды. Алайда, кейде күнделікті жаттығуларды жасамай-ақ қойған дұрыс болатын жағдайлар кездеседі. Олар қандай жағдайлар?


Ұйқы қанбаған немесе қатты шаршап тұрған кезде

Егер түні бойы көз ілмей шықсаңыз немесе күні бойы тынымсыз жұмыс жасап, қалжырап тұрсаңыз, мұндай жағдайда жаттығудан бас тартқан дұрыс. Ағзаңызды одан ары қинамаңыз. Керісінше, тынығуға, қайта күш жинауға мұрша беріңіз. Себебі, физикалық қозғалыспен қатар, ағзаның тынығуы да маңызды.


Артық тамақтанып қойған жағдайда

Кейде «өзім тойсам да, көзім тоймадыға» салып, артық тамақтанып қоямыз. Ондайда тамағымды сіңірейін деп белсенді қозғалып, тіпті, жаттығу жасап кететіндер бар. Бұл — ең үлкен қателік. Тым қатты тойып тұрып жаттығу жасасаңыз, ағза ауырлық күшін еселеп сезінеді. Асқазанда қанайналым нашарлап, асқорыту процесі бұзылады. Нәтижесінде демігу, жүрек айнуы пайда болады. Сондықтан, мұндай күндері кезекті жаттығуды жіберіп, ертең бір-ақ жалғастырған жөн.


Қарын ашып тұрғанда

Тым қатты тойып тұрғандағы секілді, жаттығу залына ашқарынға да баруға болмайды. Егер жаттығуға барар уақытыңыз таяп, ал сіздің асқазаныңыз ас сұрап тұрса, фитнес-зал орнына асхананы таңдаңыз. Залға жазылған уақытыңыз өтіп кетсе, оқа емес. Келесі жолы алдын ала қамданып, бір сағат бұрын тамақтанып, уақытылы баруға тырысасыз.


Оқи отырыңыз:

2019 жыл: Қаңтар айына арналған жұлдызжорамал


Мазаңыз болмай тұрса

Ауырып тұрған уақытта ағзаға физикалық күш түсіруге болмайтыны белгілі. Тағы бір жағдай болады — еш жеріңіз жанға батып ауырмайды, бірақ, дене қызуыңыз жоғары, мазаңыз жоқ. Өзіңізді жайсыз сезінесіз. Міне, осындай уақытта да залдағы жаттығуды кейінге шегере тұрған дұрыс. Себебі, мұндай жағдайда жасалған жаттығулар әлсіреп тұрған ағзаны стреске ұрындырады.


Жарақаттанудың титтей де қаупі болса

Кешегі не осының алдындағы жаттығуда пайда болған ауырсынулар әлі де басылмаған болса, спортзалға емес, дәрігерге барыңыз. Әсіресе, сүйек пен буыныңыз берекені алса, әрбір қозғалған сайын ауырсынуды сезінсеңіз. Ешқашан алдыңғы жаттығудан қалған ауырсыну әсері басылмайынша, келесі күннің жаттығуын жалғастырмаңыз. Себебі, ол жарақат алудың белгісі болуы мүмкін. Егер бәрі дұрыс болса, жаттығуды ары қарай жалғап үлгересіз.


Етеккір кезіндегі ауырсыну

Әдетте, әйелдерге етеккір кезінде физикалық белсенділік танытуға тыйым салынбайды. Тек, құрсақ бұлшықеттеріне қатты күш түсірмеуге кеңес беріледі. Алайда, егер ауырсыну сезімдері болса, жаттығуды тоқтата тұруға тура келеді.


Кофе немесе энергетикалық сусындарды көп ішкен кезде

Қандай да бір жағдай мәжбүрлеп, кофе не энергетикалық сусындарды шамадан тыс көп ішкен болсаңыз, одан кейін спортзалға бармағаныңыз дұрыс. Себебі, кофеинді мөлшерден тыс қабылдау ағзаны сусыздандырады, бүйрекке көп салмақ түсіреді және асқазан қабырғаларын тітіркендіреді. Мұндай жағдайдағы физикалық белсенділік жүрекке де үлкен күш түсіріп, ең арысы инсультке себеп болуы мүмкін. Сондықтан, жақын уақытта ағзаңызға көп мөлшердегі кофеин түскен болса, тәуекелге бармаған абзал.


Қандай да бір спорт түрі көңіліңізден шықпаса

Құрбыларыңызбен бірге барамын деп йогаға барып жүрсіз, бірақ, ол сізге ұнамай ма? Аэробикаға жазылып қойғансыз, алайда көңіліңіз қарқынды жаттығуларды қалай ма? Ендеше, дәл қазір тоқтаңыз. Тоқтаңыз да, басқа бағытқа қарай бұрылыңыз. Ол — өз көңіліңіз қалаған бағыт, яғни, спорт түрі болуға тиіс. Сонда ғана спортпен айналысу пайдалы әрі жағымды болады.


Жоғарыда айтылған жайттар ғана спорт атты серігіңізден сәл де болса ажырай тұруға рұқсат береді. Байқағаныңыздай, бұл қатарға жалқаулық кірмеді. Яғни, жалқаулық желкеңізден басы-жаншып тұрса да, сілкіп тастап, спортзалға қарай жол тартуға тиіссіз деген сөз.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ