Батареясы «ӨЛМЕЙТІН» телефон іздеп жүрсіз бе?

0
5 099

Бүгінгі күннің ЕҢ ҚУАТТЫ смартфондары.


Батареясы «ӨЛМЕЙТІН» телефон іздеп жүрсіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Смартфон батареясының сыйымдылығы неғұрлым көп болса, құрылғы толық қуатпен соғұрлым ұзақ жұмыс істейді. Сондықтан, жаңа телефон алатын болсаңыз оның батареясының сыйымдылығына назар аудару керек. Әрине, алдағы уақытта қазіргі қуатты телефондардан мықтылары да шығатын шығар. Дегенмен, биылғы жылдың мықтыларын бір атап өтуге болады.


Asus ROG Phone 5

ASUS компаниясының бұл смартфоны 2021 жылдың ең қуатты смартфондарының бірі болып саналады. Гаджет сегіз ядролы Snapdragon 888 және 16 ГБ жедел жадпен, 144 Гц және full HD + ажыратымдылығы бар үлкен 6,8 дюймдік экранмен жабдықталған. Ал, мұндай күрделі функцияларды атқаратын телефонның батареясы да өзіне сай болуы керек қой. Сондықтан оған жалпы сыйымдылығы 6000 мАч болатын екі батарея салынған. Олар екіге бөлініп, процессордың қос бүйіріне орналастырылған. Сондай-ақ, сыйымдылығы жоғары батареяны қуаттау үшін 50 минут жеткілікті болады. Жүргізілген сынақтар нәтижесіне сәйкес, бұл гаджет толық қуатты батареямен қалыпты деңгейде екі күн бойы жұмыс істей алады екен.


Moto G10 Power

Motorola-ның жаңа бюджеттік смартфоны сыйымдылығы 6000 мАч-ге жуық аккумуляторы, жылдам қуатталуы және арзан бағасының арқасында журналистер мен қарапайым тұтынушылардың назарын өзіне тез аударып үлгерді. Ол HD+ ажыратымдылығы бар үлкен, өте қолайлы экранмен, 4 ГБ жедел және 64 ГБ кіріктірілген жадпен жабдықталған. Функционалдық тұрғысынан кейбір смартфондардан қалып кетеді. Бірақ, көпшілікке бағасы мен батареясы ұнап жатқан көрінеді.


Samsung Galaxy F62

Бұл смартфон тізімдегі гаджеттерден ерекше. Өйткені, ол 2021 жылы шығарылған смартфондардың ішіндегі ең сыйымды батареямен жабдықталғаны. Нақтырақ айтсақ, батареясының сыйымдылығы 7000 мАч-ке тең. Оның қуатын қалыпты қолданыспен бір күнде тауысу іс жүзінде мүмкін емес. Дегенмен, ол батареяны толық қуаттау үшін шамамен екі сағаттай уақыт кетеді екен.

Сондай-ақ, телефон баға тұрғысынан өзге телефондардан ерекшеленбейді, яғни орташа бағада сатып алуға болады. Жүйенің жұмысына Exynos 9825 системасы жауап береді және 8 ГБ жедел жады бар. Ал түсірілім үшін 64, 12 және 5 Мегапикселді төрт камера орнатылған. 6,7 дюймдік дисплейі өте сапалы.


Lenovo Legion 2 Pro

Ойындарды ойланбай көтеретін смартфонның корпусы өте мықты темірден жасалып, заманауи компоненттермен жабдықталған. Ол бөлшектердің қатарына 144 Гц жылдамдыққа ие 6,9 дюймдік AMOLED экраны, сегіз ядролы Snapdragon 888 процессоры және 16 ГБ жедел жад кіреді. Дегенмен, гаджеттің басты ерекшелігі – сыйымдылығы 5500 мАч болатын батареясы. Толық қуатталған батареямен бірнеше күн жүруге болады. Сонымен қатар, 90 Вт-тық жылдам қуаттағышпен батареяны жарты сағат шамасында толықтай қуаттап алуға болады.


Xiaomi Poco M3

Poco компаниясының тағы бір бюджеттік смартфоны керемет қуатты батареямен жабдықталған. Сыйымдылығы 6000 мАч болатын батареяның толық қуаты 13 сағат ойын ойнауға және 26 сағат бойы өте сапалы видео көруге жетеді. Одан бөлек, құрылғы Snapdragon 662 процессорымен және 4 ГБ жедел жадымен жабдықталған. Ішкі жад көлемі бағасына қарай 64-128 ГБ аралығында болады. Бүйірінде саусақ ізі сканері, ал артында 48 Мп негізгі сенсорлы квадрокамера бар. Сонымен қатар, оның құны да көпшілікке қолжетімді.


Realme C25

Сипаттамалары бойынша бұл құрылғы алдыңғы Poco M3-тің сәл арзан нұсқасына ұқсайды. Бұл да жылдам қуатталатын 6000 мАч сыйымдылығы бар батареямен және бірдей өлшемді 6,5 дюймді экранмен жабдықталған. Айырмашылығы дисплейінің HD+ ажыратымдылығында. Артқы жағында 48 Мп негізгі төрт камера, ал жүйеде қытайлық Helio G70 процессоры, 4 ГБ жедел жады және 64/128 ГБ ішкі жады бар.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Сүйікті гаджеттеріңіздің «ӨМІРІН» ұзартатын КЕҢЕСТЕР


Экранның қорғаныс қабатын АЛЫП-САЛУДЫ үйреніңіз