Сүйікті гаджеттеріңіздің «ӨМІРІН» ұзартатын КЕҢЕСТЕР

0
4 813

Оқырмандардың назарына өте пайдалы кеңестер ұсынамыз.


Сүйікті гаджеттеріңіздің «ӨМІРІН» ұзартатын КЕҢЕСТЕР

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бұл мақалада ұсынылатын кеңестердің әрқайсысы сіздің құрылғыларыңыздың ұзақ уақыт бойы қызмет етуіне көмектесе алады. Сондықтан оларды мұқият оқып, еске сақтап алған абзал.


1. Ноутбукты тазалау

Уақыт өте келе кез-келген ноутбуктің жұмысы баяулап, құрылғы тез қыза бастайды, бөтен дыбыстар шығарады. Оның негізгі себебі – құрылғы чибіне түскен шаң мен ұсақ қоқыстар. Сондықтан, қаржылай шығынға ұшырамай тұрып, қауіптің алын алу үшін ноутбукты дұрыстап тазалауды ұмытпаңыз. Сарапшылар мұндай тазалық жұмыстарын кем дегенде бір, бір жарым жылда бір рет жасауды ұсынады. Егер мұндай процесті өз қолыңызбен жасай алмайтын болсаңыз, тәуекелге бармай, машықтанған мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс.

2. Ноутбукты пайдалану ережесі

Ноутбукпен жұмыс істеген кезде желдеткішінің жабылып қалмағанына және ауа еркін айналып тұрғанына көз жеткізіңіз. Әйтпесе, құрылғы қызып кетуі және тез істен шығуы мүмкін. Сонымен қатар, ноутбукты төсекке қойып қолданатындар желдеткішті шаң, қоқыс пен қыл-қыбырдан қорғау үшін арнайы стенд немесе үстел алуы керек.


3. Найзағай

Қатты найзағай ойнап жатқан кезде ноутбук және компьютермен жұмыс істеуден бас тартқан дұрыс. Сонымен қатар, мұндай ауа-райы орын алғанда құрылғыларды мүлдем желіден өшіріп тастаңыз. Өйткені, найзағайдың әсерінен құрылғыға қосылған адаптерлер мен қуаттағыштың жанып кеткен жағдайлары болған. Егер құрылғымен атқаратын жұмысты кейінге қалдыру мүмкін болмаса, тым құрығанда ноутбуктен сымды ғаламтор мен қуат көзін ажыратып қойған жөн.

4. Телефонның орны қайда?

Смартфонды сөмкеге немесе қалтаға салғанда әдетте шаң, кір және ұсақ қоқыстар туралы ойламаймыз. Ал, олар көбіне осындай жерлерде жиналып, мобильді құрылғылардың ашық жерлерін бітеп тастайды. Уақыт өте келе мұндай ұқыпсыздықтың салдарынан телефонның байланыс, микрофон, гарнитура мен қуаттағышының жұмысына зиян келіп, ақау пайда болады. Оның алдын алу үшін телефонды таза жерге салыңыз немесе маңызды тесіктерді қорғайтын арнайы тығындар сатып алыңыз.


5. Экранмен жұмыс істегенде

Қазіргі ноутбук модельдерінің көпшілігі сұйық кристалды монитормен жабдықталған. Ондай монитордың ең сезімтал және осал бөлігі – сұйық кристалды матрица. Ол соққыдан, құлағанда, температураның өзгеруінен және саусақты тым қатты тигізуден зардап шегіп, бұзылуы немесе экранда дақ пайда болуы мүмкін. Сондықтан монитордың ұзақ уақыт бойы мүлтіксіз қызмет еткенін қаласаңыз, экранды өте мұқият қалданыңыз.

6. Дисплейді тазалау

Экран немесе мониторды үнемі тазалау жұмыс процесін ыңғайлы және жағымды етуге көмектеседі. Ол үшін құрылғыны өшіріп, экранды дымқылдау матамен мұқият сүрту қажет.


7. Порттарды тазалау

Смартфондағы қуаттағыш, құлаққап тығылатын порттардың дұрыс жұмыс істемеуінің ең көп таралған себебі – олардың бітеліп қалуы. Сондықтан оларды дембіл-дембіл мұқият тазалап отыру қажет. Оны кез-келген қолайлы металлдың көмегімен жасауға болады.

8. Температура режимі

Ноутбук секілді құрылғылардың істен шығуына температураның өзгеруі де әсер етуі мүмкін. Сондықтан, оларды жоғары температурада, күн көзінде қалдырмауға тырысыңыз. Ал, суықтан жылы температураға ауысқанда бірден іске қоспай, бейімделуін күту қажет. Ноутбуктің тағы бір жауы – су екенін атап өткен жөн. Сарапшылар ваннада, ылғалдылығы мол жерде ноутбук пайдаланбау керек екенін ескертеді. Өйткені жоғары ылғалдылық оның компоненттерінің тотығуына соқтыруы мүмкін.


9. Суықтан қорғау

Смартфон, ноутбук сияқты құрылғылар жоғары және төмен температураның әсеріне шыдамайтыны белгілі. Сондықтан, қатты аязда смартфонды куртканың ішкі қалтасына салып, ыстық ауа райында тікелей күн сәулесінен қорғаған дұрыс. Осы қарапайым ережелерді орындамау батареяның тез істен шығуына соқтырады.

10. Батареяны қуаттау

Біз гаджеттерді қуат көзіне ұзақ уақыт қою зиян екенін бірнеше рет ескерттік. Сол себепті, батареяны қуаттаған кезде толықтай толғанын күтпей-ақ, 10-20 пайыз қалғанда ажыратып жүріңіз. Сонда батареяның қызмет ету мерзімі де ұзармаса, қысқармайды.


11. Қуаттағыштар

Құрылғының ұзақ және дұрыс жұмыс істеуін қаласаңыз, арзан қуаттағыш емес, оригиналын қолданыңыз. Өйткені, арзан қуаттағыштар құрылғыларға зиян келтіруі әбден мүмкін.


12. Дұрыс қуаттау

Ноутбуктің батареясын 100 пайызға дейін қуаттаудың қажеті жоқ. Ең жақсы нұсқа – қуат деңгейі 40 пайызды көрсеткен кезде қуаттағышқа қосып, 80 пайызға жеткенде ажырату. Мұндай қарапайым әрекеттер батареяның қызмет ету мерзімін едәуір ұзартады.

13. Смартфонның жадын тазарту

Дұрыс жұмыс істеу үшін смартфондарды уақытша файлдардан және қажетсіз бағдарламалардан үнемі тазалап отыру керек. Әсіресе, бұл Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін телефоны барларға қатысты. Кэш пен жедел жадты күнделікті тазарту құрылғының жылдам жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Смартфон мен құлаққапты тазартудың ЕҢ ОҢАЙ, ЕҢ ТИІМДІ тәсілдері – лайфхак


Ноутбук немесе компьютер жұмысын ҚАЛАЙ ЖЫЛДАМДАТУҒА болады?