11 жастағы қыз балаларға жатыр мойны обырына қарсы вакцина тегін салынады

0
560

Вакцина жаңа оқу жылының басында, яғни 2024 жылдың күзінде салынады.


11 жастағы қыз балаларға жатыр мойны обырына қарсы вакцина тегін салынады

ERNUR.KZ. Қазақстанда қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынады, деп жазады inform.kz.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, Қазақстанда 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина егу қолға алынбақшы. Вакцинаны ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, яғни 2024 жылдың күзінде тегін салынады.

«Жатыр мойны обырының 97%-ы осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус тасымалдау белгілі бір жағдайда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін», - деп хабарлады басқармадан.

Алматы онкологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Райхан Болатбекова жатыр мойны обыры бірден-бір толық алдын алуға болатын ісік екенін атап өтті.

«Жаппай екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі — 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалды. Ең дұрысы, әйел жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын вакцинаны алуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынып отыр. Адам папилломавирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алады», - дейді маман.

Онкологтің сөзінше, былтыр мегаполисте жатыр мойны обырына 223 тұрғын шалдыққан. Алматы онкологиялық орталығында барлығы 2522 әйел осы диагнозбен есепте тұр.