"Адам танымастай пышақтаған": Алматыда 34 жастағы әйелді көлікте өлтіріп кеткен

0
701

Оқыс оқиға 13 қараша күні болған.


ERNUR.KZ. Алматы облысында 34 жастағы әйелді көлікте пышақтап өлтіріп кеткен. Бұл ақпарат "НеМолчи.kz" қорының Facebook парақшасында пайда болды, деп жазады nur.kz.

Қор ақпарынша, оқыс оқиға 13 қараша күні болған. Күйеуі әйелі мен бір жасар қызын Қапшағай тас жолындағы "Магнум" сауда орталығына апарған. Ал қайтар жолда дәрет сындырғысы келіп, жолдан 300-400 метр елсіз жерге бұрылған.

Азамат көлікке қайтып келгенде әйелі өлі күйінде тапқан. Ол тіпті, жұбайының анасына хабарласып, қызын өлтіріп кеткенін хабарлаған.

Ал марқұмның туыстары оны абайсызда біреу өлтірді дегенге сенбейді. Олар келіншектің күйеуі үнемі агрессия танытқанын айтып отыр. Сөздерінше, ол бір жасар қызын ұрлап, Ресейге алып кетемін деп қорқытып жүрген.

Марқұмның анасы әдетте азық-түлікке тек күйеу баласы баратынын да жеткізген. Одан бөлек, қылмыс эпизодтарын күйеуінің кетуіне тосқауыл болып, жедел жәрдем мен полиция шақыртқан куәгерлер көрген. Содан кейін ғана азамат марқұмның анасына хабарласып, қаралы жайтты жеткізуге мәжбүр болған.


"Оны тұншықтырған, адам танымастай пышақтаған. Беті тілінген, денесінде он шақты пышақ жарақаты бар. 2020 жылдың 14 қарашасындағы №263 қайтыс болу туралы медициналық куәліктің қорытындысы бойынша, өлімнің себебі - көп қан жоғалту, тамырлардың зақымдануымен мойнынан алған жарақаттар. Оның ақшасы мен жеке заттары өзінде қалған. Ал бала көлікте болған. Елсіз жерде әйелін айуандықпен өлтіріп жатқанда, күйеуі "дәрет сындырдым, ештеңе көрмедім, естімедім" дейді, - деп ашынды марқұмның анасы.


Бүгінде өлімге кінәлі күдіктілер құрықталды.


"Қазір бұл қылмысқа күдікті ретінде 37 жастағы және 34 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар аса ауыр қылмысты жасағанын мойындады", - деді Алматы облыстық ПД.


Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалы басталды.