"Almaty" хостелінде 13 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себептері аталды

0
528

30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқан болатын.


ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматы хостеліндегі 13 адамның өліміне әкеліп соққан өрттің шығу себептерін айтты, деп жазады stan.kz.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Алматыдағы жатақханада болған өрттің шығуы мүмкін екі нұсқасы анықталған.

"Бұл жарық қондырғысының қызып, балқуынан туындаған қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Екінші нұсқа – өрт ұшқыны болуы ықтимал, яғни біреу темекі тұқылын немесе сіріңке шырпысын тастауы мүмкін. Негізгі себептері осы", – дейді Сырым Шәріпханов.

Министрдің сөзінше, қазір өртке қатысты тергеу тобы жұмысын жалғастыруда.

Еске салсақ, 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді.

Оқиға орнына келген Алматы әкімі Ерболат Досаев жатақхананың заңсыз жұмыс жасағанын айтқан. Әкімдіктің мәліметінше, өртенген “Аlmaty hostеl” жатақханасы кепіл ретінде банктердің біріне тиесілі. Жатақхана осыдан 1,5 ай бұрын жалға алынған жертөлені заңсыз ауыстырып ашылған. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқиғаның әртүрлі нұсқалары қарастырылуда. Нақты себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылған.