Алматы тауларының бірінде турист көз жұмды

0
376

Құтқарушылар ер адамның денесін таудан түсіріп, полицияға тапсырды.


Алматы тауларының бірінде турист көз жұмды

ERNUR.KZ. Алматы тауларының бірінде 61 жастағы турист қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша оның өліміне жүрек ұстамасы себеп болған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 7 тамыз күні «Көкжайлау» шатқалынан 200 метр төменде, Медеу ауданына қарасты аумақта болған. Құтқару қызметіне хабарласқан туыстары марқұмның жүрек ұстамасы ұстағанын хабарлаған.

«1740 метр биіктікке жаяу көтеріле отырып, құтқарушылар сағат 12:30-да оқиға орнына жетті. Олар 1960 жылы туған ер адамның қайтыс болып кеткенін анықтады. Сағат 15:52-де құтқарушылар ер кісінің денесін түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырды», - делінген Алматы ТЖД хабарламасында.

Сондай-ақ бірнеше сағат өткенде, яғни 18 :35-те ТЖД пультіне Бостандық ауданында 16-21 жас аралығындағы 4 қыз-келіншектің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

«Дереу құрамында 5 адам, 1 бірлік техника бар құтқару қызметінің құтқарушылары жіберіліп, олардың геолокациясы анықталды. Құтқарушылар Алмарасан шатқалында жоғалған адамдармен байланысқа шықты. Ал сағат 19: 50-де құтқарушылар жоғалғандарды қарсы алып, бекетке дейін аман есен өткізіп жіберді. Қыз-келіншектер медициналық көмекке жүгінген жоқ», - делінген хабарламада.

Алматы қаласының ТЖД туристерден таулы аймаққа шыққан кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды:

- Тауға барарда өз күшіңізді бағытқа байланысты дұрыс есептеңіз. Дайындық деңгейі бойынша бағытты таңдаңыз.
- Тауға барар алдында жақындарыңызға нақты бағытты айтыңыз. Туыстарыңыз сізді қайда іздеу керектігін білуі керек.
- Тауларда соқпақтан шықпаңыз. Жолды қысқартуға тырыспаңыз.
- Егер бағыт бойынша көтірілу қиындаған жағдайда, артқа қарай төмен түсіңіз. Ең бастысы-оралу.

Құтқару қызметінің нөмірі – 109.