​Алматыда оқушылар арасында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы өтеді

0
1 936

Байқауға зиялы қауым өкілдері қазылық етеді.


​Алматыда оқушылар арасында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы өтеді

ERNUR.KZ. 26 қыркүйек күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 6-10 сынып мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауы өтеді, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі.

Аталған шара Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып отыр. Байқау барысында қатысушылар «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқитын болады.

Байқауға зиялы қауым өкілдері қазылық етеді. Олардың қатарында профессор – Өмірзақ Айтбайұлы, Қазақстанның халық әртісі – Сәбит Оразбай, Түркі академиясының президенті, профессор – Шәкір Ыбырай, Журналист, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Уәлихан Қалижан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінің төрағасы – Ерден Қажыбек, Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Бекболат Тілеухан; «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы – Дархан Қыдырәлі, «Алатау» дәстүрі өнер театрының директоры – Берік Жүсіп бар.

Жүлдегер болған әрбір оқушының тәлімгері Англияның Оксфорд қаласына барып, тіл білімін жетілдіру орталығында ағылшын тілін терең меңгеріп қайтуға мүмкіндік алады.

Байқаудың мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру.