Алтын әшекейлерді көз тиюден “тазалайтын” алаяқ ұсталды

0
1 379

Алаяқ әйел гипноз жасау арқылы өз ойын жүзеге асырған


Алтын әшекейлерді көз тиюден “тазалайтын” алаяқ ұсталды

ERNUR.KZ. Семейде қала тұрғынының құны 1 млн теңге болатын алтын әшекейлерін алып қойған алаяқ емші қолға түсті, деп жазады altaynews.kz.

40 жастағы келіншек дәстүрлі емес жолмен ем-дом жасаймын деп ел сеніміне кіріп алған көрінеді. Ал көрсеткен қызметі үшін қомақы сыйақы алып келген.

Әуезов полиция бөліміне 29 жасағы қала тұрғыны арыз берді. Айтуынша, алаяқ емшінің құрбаны болған. 2018 жылдың желтоқсан айында көшеде бейтаныс әйел жолығып, өзін емші ретінде таныстырып, оны әңгімеге тартқан. Артынша қатты көз тигенін және дереу емдеу керек екенін айтады. Бұл үшін алдымен өзі тағатын алтын бұйымдарды тазалауды сұрайды. Осылайша емшінің арбауына түскен қала тұрғыны жалпы құны 1 млн теңге болатын алтын әшекейлерін ойланбастан «емшінің» қолына ұстата салады. Алаяқ әйел гипноз жасау арқылы өз ойын жүзеге асырған сыңайлы.

Шұғыл іске кіріскен тәртіп сақшылары күдікті ретінде 40 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Қазір оның үстінен ҚР ҚК-нің 190 бабы, 1 тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.

– Криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнында саусақ іздері бойынша зерттеу жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жеке тұлғасы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Алайда ұрланған заттар қайтарылмады. Себебі, алтын бұйымдарды сатып, ақшасын өз қажетіне жаратып үлгерген, – дейді Семей қалалық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспанов.