Антикор ескерту жүйесіне жұмсалатын шығындардың орындылығын зерттей бастады

0
535

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да мәселелері зерделенетін болады.


Антикор ескерту жүйесіне жұмсалатын шығындардың орындылығын зерттей бастады

ERNUR.KZ. Антикор Төрағасы А. Жұмағали Мемлекет басшысының жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесіндегі жағдайды зерделеу туралы тапсырмасын іске асыру бойынша құрылымдық және аумақтық департаменттің басшыларымен жедел кеңес өткізді, деп жазады zakon.kz.

Ел Президенті Алматы қаласындағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында Бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды. Осыған байланысты Агенттік қызметкерлерінің арнайы тобы шығыстардың негізділігін, мемлекеттік сатып алуды жүргізудің заңдылығын зерделеуге кірісті.

Антикордың аймақтық департаменті тиісті аудиторлық тексеруге бастамашы болды. Бұдан басқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның Төрағасы барлық сейсмикалық қауіпті өңірлерде 2018 – 2023 жылға дейінгі кезеңде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізуді тапсырды.

Алматы қаласымен қатар оларға Шымкент қаласы, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары кіреді.

Мониторинг барысында бақылау-қадағалау органдарын тексеру нәтижелерін, сот-тергеу практикасын, ғылыми ұйымдардың қорытындыларын зерделеу және осы өңірлерде құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын сақтау, азаматтардың өтініштері мен БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау көзделген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да мәселелері зерделенетін болады.