Астанада информатика мұғалімі қоймадағы ноутбуктарды сатып жіберген

0
911

Мемлекетке келтірілген залал - 32 967 500 теңге.


Астанада информатика мұғалімі қоймадағы ноутбуктарды сатып жіберген

ERNUR.KZ. 2023 жылдың шілдесінде «Әділдік жолы» бірлестігі Астана қаласының прокуратурасына «№5 Гимназия» КММ-ға мектептің нақты жұмыс істемейтін қызметкерлеріне жалақы есептеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау, сондай-ақ мектептің тауарлық-материалдық құндылықтарын ысырап ету фактісі туралы хат жолдаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тексеріс жүргізілді. Жоқ адамдарға қасақана заңсыз жалақы есептеп, бюджет қаражатын ұрлау фактісі толығымен анықталған.

Аудит қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген залал 32 967 500 теңге болып шықты. Осынша ақша қалталарына түсіп отырған.

Осы факті бойынша Байқоңыр ауданының прокуратурасы 09.08.2023 жылы ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізілді. Қазір сотта мектептің бас есепшісі, есепші және іс жүргізушісіне қатысты іс қаралып жатыр.

Ең бастысы, осы қылмыстық істі тергеу барысында мектептің информатика пәні мұғалімі 2021 жылдың қазанынан бастап 2023 жылдың ақпанына дейін мектептің қоймасына кіріп, сол жерден «Vovola» маркалы ноутбуктарды алып «OLX» жарнамасы арқылы сатып отырғандығы анықталған. Қанша сатқанын білмейді.

2023 жылы жүргізілген түгендеу барысында мектепте жалпы 426 дана құрал-жабдық (ноутбуктар, компьютерлер, маршрутизаторлар, факс аппараттары, квадрокоптер) жетіспейтіні анықталған.

«Осы факті бойынша 29.11.2023 ж. қалалық полиция ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша тергеп-тексеру басталды. Негізі білім басқарамасының бізге берген ресми жауабына сәйкес келтірілген залал шартты түрде 20 млн. теңгені құрайды. Біздің мақсат осындай фактілерді елге көрсетіп ұпай жинау емес. Өздеріңіз де мемлекет қаражатын ұрлау фактілеріне куә болып жатсаңыздар, дереу бізге хабарлассаңыздар болады. Өйткені, көп жағдайда құқық қорғау органдары нақты фактілерді ашуға қауқарсыз. Ал осы жолы қозғалған қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188 бабы 1 бөлігінен аса ауыр бапқа ауысу керек. Өйткені мемлекетке әсіресе үлкен зиян келтірілді. Біз де бұл мәселені жіті бақылауда ұстаймыз», - деп хабарлады «Әділдік жолы» бірлестігі.