Ауғанстанда қазақстандық құтқарушылар үйінді арасынан баланың денесін тапты

0
605

ҚР ТЖМ қызметкрлері Ауғанстанның үш елдімекеніндегі қираған үйлерді тексерді.


Ауғанстанда қазақстандық құтқарушылар үйінді арасынан баланың денесін тапты

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанға жіберілген қазақстандық құтқарушылар жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсетуді жалғастыруда, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Наиброфи елдімекенінде қазақстандық құтқарушылар 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді.

«Бір қатармен» әдісі бойынша құтқарушылар 487 учаскені жаяу жүріп өтті. Осы елді мекенде 700 қираған үйдің учаскесі тексерілді. Толығымен қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында құтқарушылар қайтыс болған 5-6 жастағы баланың денесін тауып алып шықты», - делінген хабарламада.

Ауған тарапының өкілдерімен бірлесіп, қазақстандықтар Наиброфиден 10 км қашықтықта орналасқан Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын тексерді. Чолк елді мекенінде де үйінділерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер табылған жоқ.

«Қазақстандық құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті. Қатты афтершок фактілерінің жиілеуіне және бөлінген учаскедегі жұмыстардың аяқталуына байланысты Қазақстан ТЖМ жасағы Герат қаласына бару үшін жолға шықты», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Қазақстанның 45 құтқарушысы Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін кеткен болатын.