Бүгін – Ұстаздар күні

0
798

Бұл атаулы күн 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен белгіленген.


Бүгін – Ұстаздар күні

ERNUR.KZ. Қазан айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда мұғалімдердің кәсіби мерекесі атап өтіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл атаулы күн 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен белгіленген.

Бүгінгі таңда Қазақстан, Беларусь, Латвия және Украина Мұғалімдер күнін қазанның алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Ал көршілес Өзбекстан – 1 қазанда, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Армения, Молдавия, Эстония және Литва – ұстаздар мерекесін 5 қазан күніне бекіткен.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2019 жылы елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда – 97 209 педагог, жалпы білім беретін мектептерде – 347 052 мұғалім (оның ішінде 281 209 - әйелдер), колледждерде – 36 881 оқытушы (26 731 - әйелдер), жоғары оқу орындарында – 38 470 оқытушы (24 611 - әйелдер) болған.

2 қазанда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2020» байқауының 64 жеңімпазын марапаттап, 2 778 000 теңгеден сыйақы мен төсбелгілер табыстады.

Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артты. Жалпы 1-2 жылдың ішінде ұстаздардың еңбекақысы 2 есе артатын болады.

Айта кетейік, ҰБТ нәтижесінде биыл «Алтын белгі» алған түлектердің ішінде мұғалім мамандығын таңдағандар 2 есе өсті. 1 қыркүйектен бастап педагог мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін артты.

Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтап, министрліктің Instagram-парақшасына видеоқұттықтау жолдауға шақырды.

Сонымен бірге, елордада Пирамида аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайының жанынан Ұстаздар аллеясы ашылды.