Бурабай құс фабрикасында тауық жаппай қырылып жатыр

0
841

Қанаттылар 12 күннен бері нәр татпаған.


Бурабай құс фабрикасында тауық жаппай қырылып жатыр

иллюстрациялық фото

Бурабай құс фабрикасында тауық жаппай қырылып жатыр. Бұл құс тұмауы да, басқа да емес, қанаттылар 12 күннен бері нәр татпаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Өйткені жем жоқ. Фабрика жұмысшылары арып-ашып арам қатуға шақ қалған 70 мың құсты құтқару керек деп дабыл қаққанымен, басшылары асығатын емес. Тіпті екі айдан бері құс өсірушілерге жалақысын төлемей, 8 айдан бойы зейнетақы қорына салымдарын аудармай қойған.

40 жылдай құс өсіріп, өңірді жұмыртқа,құс етімен қамтамасыз етіп келген Бурабайдағы фабрика құрып кетуге шақ тұр. Кәсіпорын жұмысшылары ондағы мыңдаған өлексені сыртқа шығару үшін ғана жұмысқа келеді екен. Құстар сырттан келген нәубеттен емес, аштықтан қырылып жатыр ,-дейді олар.

Апталап жемсауына бір түйір дән түспеген тауықтар аштыққа шыдамай қонақтаған жерінде сеспей қатып жатыр. Негізі мұндай құс өсіретін кәсіпорында дәнді дақылға түрлі дәрумендер қосып беру технологиясы сақталу керек. Алайда мына құстар кәдімгі дәнді дақылға зар болып қалды,-дейді құс өсірушілер.

Соңғы кезде жұмыртқа бермек түгілі, әлсіреген тауықтар су ішуді қойыпты. Шырылдаған жұмысшылар, фабрика иелерін шақырып, жағдайды айтқанымен ешкім тыңдамаған. Сондықтан олар құстардың өлексесін жинаудан басқа амал жоқ дейді.

"Өте қорқынышты. 20 жыл жұмыс істеп мұндай жауапсыздықты көрмеппін. Бір менің цехымдағы 50 мың тауықтан 7 мың ғана қалды.Құсқа беретін азық жоқ. Басшылар бізді де ұмытты. Бір ай бұрын еңбек демалысынан келдім. Не жалақы, не демалыс ақысын алған жоқпын. Аузыңды ашсаң жолың әне деп жауап қатады", - дейді құс өсіруші Марина Герина.

Мұндағы жұмысшылардың жалақысы 50 мың теңгеге де жетпейді екен. Бірақ, жұмыссыз қалмас үшін өлексе жинауға мәжбүр. Ал, зейнетақы салымдары 8 айдан бері түспеген. 6 жылдан бері жекенің қолына өткен Бурабай құс фабрикасының қожайындары өздерін бай да,құдай да санайды ,-дейді олар.

Асқар Ақылбеков жем азықтың жоқтығына байланысты құс фабрикасы жабылатынын хабарлады. Ал наразы топқа кез келген уақытта жұмысты тастап кете беріңдер деп жекіп тастаған. Бұған дейін әкімдік пен прокуратураға шағым түсірген құс өсірушілерге әзірге ешкімнен қолдау болмай тұр. Олар құстарды осылай қинағаны үшін де басшылық жауап беруі тиіс дейді. Сондықтан өлексе жинауды қойып, енді құзырлы орындарға арызданбақшы.