ІІМ Жамаубаевтың желіде тараған суретіне қатысты пікір білдірді

0
417

Instagram желісінде жарнамалар арасында Қазнет қолданушылары премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бейнеленген суреттерді кездестіре бастады. Кадрларда оны полиция ұстағанын көруге болады.


ІІМ Жамаубаевтың желіде тараған суретіне қатысты пікір білдірді
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Желіде премьер-министрдің орынбасары-қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың ұсталғаны туралы жалған ақпараттың жиілеп кетуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жоғары лауазымды шенеунікке "шабуыл" шетелдік алаяқтардың веб-ресурстарынан жасалған.
"Сайтты тексеру нәтижелері бойынша оның шетелдік платформада орналасқаны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға сайтты бұғаттау туралы хабарлама жіберілді. Сонымен қатар, бұл ақпаратты жариялаған және оған қатысы барлар анықталып жатыр", - деді министрлік өкілдері Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.

Бұл оқиғаға қатысты Қаржы министрлігіне де сауал жолданған. Олар бұған дейін мұндай жалған ақпараттарды жоққа шығарғанын айтты, бірақ департамент полицияға өтініш білдіруге асықпайды.

"Бұл - Photoshop арқылы жасалған жалған әдіс. Біз бұған дейін төрт рет жоққа шығардық, кейін жазбалар өшірілді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына хабарласпадық", - деді департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.

Бұған дейін Қаржы министрлігі бұл сенімсіз және қасақана таратылған жалған ақпарат "қоғамдық тәртіпті бұзатын, сондай-ақ, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделеріне, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіретін жағдайлар жасауға бағытталған" деп мәлімдеген.

Еске салайық, Instagram желісінде жарнамалар арасында Қазнет қолданушылары премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бейнеленген суреттерді кездестіре бастады. Кадрларда оны полиция ұстағанын көруге болады.

Желіде Ерұлан Жамаубаевтың тағы бір суреті де таралып жатыр, бірақ басқа сайтқа сілтеме жасалған. Оның дизайны Tengrinews.kz порталына ұқсас. Сілтеме арқылы "Қазақстан банкі" министрді сотқа берді деген тақырыппен мақала ашылады. Мақала мәтінінде криптовалюта нарығында сауда жасауға арналған ботты жарнамаланған.