​Қалдықтарды қайта өңдеу: қандай қадамдар жасалуда?

0
58

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың әкімдіктерімен қалдықтарды басқару бойынша кеңес өтіп, алдағы жоспарлар талқылануда.


​Қалдықтарды қайта өңдеу: қандай қадамдар жасалуда?

көрнекілік сурет: ашық дереккөзден

Қатты қалдықтарды қайта өңдеп, іске асыру бүгінде дүниежүзі елдерінің басты мәселесіне айналған. Кейбір дамыған елдерде қалдық өңдеу жұмыстары нақты жүйеге қойылған болса, біздің елде оның жағдайы әлі көңіл көншітетін жағдайда еместігін мойындағанымыз жөн.

Жер бетінде тұратын әр адамзат қанша қалдық, қоқыс шығаратынын білесіз бе? Жылына бір адам кем деген 300 кг қоқыс шығарады деп есептесек, дүниежүзі халқының санына шаққанда қоқысқа көміліп қалу мүмкін деген қорқыныш жайлайды. Тек бұл ғана емес, қоқыс жер қойнауына көме бермей екінші шикізат көзі ретінде қайта өңдеп, кәдеге жаратуды да бекер айтпайды мамандар.

Біріншіден, жер қойнауында да шикізат қоры азайған. Екіншіден, қалдықтарға екінші өмір беруге әбден болатынының дәлелі аз емес. Мамандардың есебінше, қоқыс қалдықтарының кемінде 50 пайызын қайта жаратып, 25-30 пайызын энергия қуатын алу үшін жағып, тек 20 пайызын ғана көмуге тастаса ұтарымыз көп екен.


Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар беріп, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша зауыттар салуды тапсырған болатын.

Нақты айтар болсақ, күні кеше ғана 7 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңестілген отырысында ірі қалаларда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттардың құрылысын жандандыруды тапсырған. Президент бұл үшін инвесрторлар тарту қажеттігін де баса айтып өткен еді.

Ендігі жерде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсақ.

Бұған дейін де өзекті боп отырған қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі бойынша жыл басынан-ақ жұмыстар басталған. Қаңтар айында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстарминистрі Ерлан Нысанбаев қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастық бойынша Литва елінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Е.П.Эдигюс Навикаспен кездесіп, талқылаған болатын. Нақтырақ айтсақ, кездесу үстінде қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастық және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-литва үкіметаралық комиссиясының алдағы 14-ші отырысын өткізу туралы пікір алмаса отыра, Литва елі тарапы нәтижелі технология да ұсынылды.

Тарқатып айтар болсақ, бұл технология – сусындардың бөтелкелері үшін депозиттерді қайтару (Deposite Refund System) болып отыр. Осы ретте айта кететін жайт, Литва елі қалдықтарды басқару саласында тәжірибесі жоғары ел.


Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі жақында министрі қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастық «KazWaste» мүшелерімен де кездесу өткізген болатын. Бұл ретте коммуналдық қалдықтар бойынша бизнес саласындағы өзекті мәслелер де көтеріліп, талқыланған болатын. Кездесуде алға қойылған жоспарлар мен нақты қадамдар, қалдықтарды басқарудағы жинау, сұрыптау және өңдеу турасындағы арнайы жобалар да талқыланып, министрдің назарына жеткізілді.

Тек бұл ғана емес, министрлік тарапынан облыстардың республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың әкімдіктерімен қалдықтарды басқару бойынша кеңес өтіп, алдағы жоспарлар талқылануда. Әр өңірдегі жағдай мен қажеттіліктер, әсіресе арнайы контейнерлер мен техникалар, қоқысты сұрыптайтын әрі өңдейтін комплекстер зерделеніп, қалдықтарды өңдеу мен қайта жаратуға бағытталған бизнес жобалар да дайындалып жатқандығын хабарлаған болатын министрліктің баспасөз қызметі.

«Әрекетке - берекет» демейтін бе еді мұндайда?! Әлемнің ең таза елдерінің қатарына ендіретін мұндай шаралардан ел тұрғындарының да күтері көп. Айтылған жобалардың нәтижесі де алыс болмаса керек. Себебі, 2030 жылға қарай қалдықтарды басқару бойынша жұмыстар нәтижесі 40 пайызға жетуі тиіс.