Қаңтар оқиғасы: Алматы облысы бойынша ҰҚКД экс-басшысына қатысты сот үкімі шықты

0
339

Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді.


Қаңтар оқиғасы: Алматы облысы бойынша ҰҚКД экс-басшысына қатысты сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Алматы облысы бойынша ҰҚКД экс-басшысына қатысты сот үкімі шықты: ол алты жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады tengrinews.kz.

"Сот мәліметінше, К. Алматы облысы ҰҚКД бастығы бола тұра, өзінің лауазымдық өкілетін асыра пайдалана отырып, 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиғаларды ескере келе, өзінің лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау жөнінде шаралар қолданбауға; әкімшілік ғимараттан кетуге; қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген, оның салдары кейін ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеліп соқтырды ("құпия" деген белгіге байланысты басқа мән-жайларды жария ету мүмкін емес)", - деп хабарлады Талдықорған сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі бойынша, К. 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны нақтыланады.

"Қазақстан Республикасының Президентіне К.-ге қатысты Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген Талдықорған сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.