Қазақстанда енді шетелден келетін сәлемдемеге кеден алымы алынбайды

0
855

Үкіметтің тиісті қаулысы тамызда қабылданды.


Қазақстанда енді шетелден келетін сәлемдемеге кеден алымы алынбайды

ERNUR.KZ. Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. «Атамекен» ҰКП құны төмен (200 еуроға дейін) тауарларды ресімдегені үшін кедендік алымның нөлдік мөлшерлемесін белгілеуге қол жеткізді. Үкіметтің тиісті қаулысы тамызда қабылданды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Еске салсақ, жыл басынан бері көлік прокуратурасының нұсқамасы бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тауарға декларация ретінде оңайлатылған тәртіппен берілетін әрбір тізбе мен өтініш үшін, яғни, бұрын ешқашан төленбеген нәрсе үшін 20 мың теңгеден кедендік алым төлеуге мәжбүр болды.

Осы жайт курьерлік компаниялардың құны төмен жүгі бойынша барлық экспорттық-импорттық операцияларын тоқтатты және отандық интернет-дүкендердің жұмысына кері әсер етті.

«Егер кедендік алымды бір декларация деңгейінде емес, жеке жөнелтпе құжат саны бойынша төлейтін болса, онда алым мөлшері өседі. Мысалы, егер экспресс жеткізілімнің бір партиясында 500 жөнелтпе құжат болса, онда кеден алымы 20 мың теңге орнына 10 млн теңге болады. Бұл халықаралық стандарттарға қайшы. Сондықтан мәселені шешу үшін біз бірден бірнеше мемлекеттік органмен жиналыс өткіздік. Кездесуде мемлекеттік органдардың әрекеті заңсыз екенін дәлелдеп, Үкімет қаулысына өзгерістер енгізуді ұсындық. Ұсынысымыздың ескерілгеніне қуаныштымыз. Енді курьерлік компаниялар мен интернет дүкендер алаңсыз жұмыс істей алады», – деді «Атамекен» ҰКП кедендік әкімшіліктендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.

«DHL Express Қазақстан» бас директоры Евгений Багдашкинның айтуынша, курьерлік компания сәлемдемелерді шетелден жеткізу, соның ішінде интернет-дүкендер сияқты маңызды сегментте жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.

«Кедендік талаптардың ашықтығы мен болжамдылығы экспресс-бизнес үшін аса маңызды. Өйткені бұл бизнес белгілі бір уақыт ішінде тұтынушыларға тауарларды жеткізуі керек. Біз Ұлттық палатаның көмегімен кедендік декларациялардың оңайлатылған формаларын ресімдеуде алымдарды төлеу туралы талап түріндегі кедергіні еңсере алғанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті спикер.