ХВҚ Қазақстанға 1,57 млрд доллар қарыз алу құқығын берді

0
740

ХВҚ-ға мүше мемлекеттер үлестрілген SDR-ды қандай мақсатта пайдаланатынын өз бетінше шешуге құқылы.


ХВҚ Қазақстанға 1,57 млрд доллар қарыз алу құқығын берді

ERNUR.KZ. 23 тамызда Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) басқарушылар кеңесінің 650 млрд АҚШ долларына тең қаржыны арнайы қарызға алу құқығын (бұдан әрі – SDR) жалпылай үлестіруге қатысты шешімі күшіне енді (шамамен 456 млрд СДР). Қазақстанға 1,57 млрд АҚШ долларын құрайтын сомада 1,11 млрд СДР меншіктелді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Осымен он бірінші рет іске асырылып отырған үлестіру қағидасы ХВҚ тарихындағы ең ауқымдысы. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік экономиканың орнықтылығы мен тұрақтылығын күшейтуге ықпал етпек.

«ХВҚ-ның SDR-ды қайта үлестіру туралы шешімінің мақсаты – ХВҚ-ға қатысушы мемлекеттердің ұзақ мерзімдік қажеттіліктерін қаржыландыру үшін ғаламдық экономикаға қосымша өтімділік ұсыну. Мұндай қаражаттың бөлінуі әлемдік экономиканың пандемиядан кейінгі қалпына келу үдерістерін ынталандырады», - делінген ҚР Ұлттық банкінің хабарламасында.

SDR-дың қосымша шығарылымы ХВҚ-ға қатысушы мемлекеттер арасында олардың квоталарының көлеміне қарай үлестірілді. ХВҚ-ға мүше мемлекеттер үлестрілген SDR-ды қандай мақсатта пайдаланатынын өз бетінше шешуге құқылы. SDR валюталық резервтердің бөлігі болғандықтан, сақталынуы немесе өзге мүше мемлекеттердің еркін конвертацияланатын валютасын алу мақсатында айырбасталуы мүмкін. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық операциялар бойынша жағдайы едәуір жақсы мүше мемлекеттер, экономиканың дағдарыстан кейін қалпына келуіне көмектесу мақсатында, үлестірілген SDR-ды жағдайы әлсіздеу мемлекеттерге ерікті түрде беруіне болады.

SDR (ағылш. Special Drawing Rights) - ХВҚ қалыптастырған мемлекеттердің халықаралық резервтерін толықтыратын, халықаралық резервтік актив.

SDR құнын ХВҚ күн сайын SDR жинағына кіретін 5 валюта негізінде орнатады (АҚШ доллары, жапондық иена, евро, фунт стерлинг және қытай юані).