Кредит берерде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын тексеру ұсынылды

0
732

Сондай-ақ депутаттар 21 жасқа толмағандарға кредит беруге тыйым салу керек деп санайды.


Кредит берерде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын тексеру ұсынылды

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков кредитті азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейіне қарай беруді ұсынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегінің мөлшері 1,1 трлн теңгеден асады, соның ішінде 90 күннен астам төленбеген қарыз 419,2 млрд теңгені құрайды.
"Қазіргі таңда үкімет пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл халықтың одан әрі қарызға батпауына әсер ететіні сөзсіз. Бірақ орта және жоғары білім жүйесінде жас ұрпақты қаржылық сауаттылыққа оқытудың бекітілген мемлекеттік білім стандаттары бөлігінде олқылық барын көріп отырмыз", - дейді Стамбеков депутаттық сауалында.
Ол бейінді министрліктерге халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне қосылуды ұсынды. Депутат білім беру ұйымдарында жастардың қаржылық және құқықтық сауатын ашу және алған білімді бағалау жүйесін енгізуді, сондай-ақ талдау жүргізуді қамтитын Қаржылық және құқықтық сауаттылықты оқытудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу маңызды деп санайды.
"Біз алған білімді бағалау жүйесін енгізуге тиіспіз. Ол кредиттің сомасы мен оны беру мерзіміне әсер етуі керек. Сонымен қатар 21 жасқа толмағандарға несие беруге тыйым салу ұсынылады", - деді Стамбеков.
Осыған байланысты мәжілісмен ғылым және жоғары білім министрлігі мен оқу-ағарту министрлігіне білім жүйесінде қаржылық және құқықтық сауаттылықты оқытудың бірыңғай мемлекеттік білім стандартын әзірлеу мәселесін қарастыруды ұсынды.