Мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсті

0
505

Ал республикалық бюджетке 10,5 трлн теңгеге жуық қаражат түскен.


Мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсті

ERNUR.KZ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

"Мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсті. Осылайша, жоспар 98,3%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 92,8%-ға, оның ішінде, салықтар бойынша 87,3%-ға орындалды. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты", - деді министрлік өкілі.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 294 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ға азаюымен байланысты, деп түсіндірді Дәурен Темірбеков.

"Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептеріне тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 8%-ға азаюы жатады. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 9%-ға төмендеуімен байланысты. Ал пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша, жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ға төмендеуі әсер еткен", - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, Дәурен Темірбековтің сөзінше, салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасқан.

"Жергілікті бюджетке 5,1 трлн теңге кіріс түсті. Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды", - деп атап өтті ол.