Президент Денсаулық сақтау министрін қабылдады

0
894

Қазақстан Президенті халықаралық озық тәжірибені пайдалана отырып, отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.


Президент Денсаулық сақтау министрін қабылдады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтардың денсаулығын нығайтуға, Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға және оның қол жетімділігіне қатысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жеткілікті қаражат бөлінетінін атап өтті. Бұл қаржыны оның тиімділігін арттыруға, ішкі ресурстарды жұмылдыруға және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге жұмсау қажеттігін айтты. Елбасы мен Қазақстан Президентінің тапсырмалары бойынша 2019 жылғы 1 маусымнан бастап жалақысы төмен медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артады.

Елжан Біртанов Мемлекет басшысына алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем сапасын арттыруға, дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға, тұрғындардың скринингпен қамтылуын кеңейтуге, медициналық қызмет көрсету ісін цифрландыруға және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру туралы жобаны жүзеге асыруға қатысты жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады.

Соңында Қазақстан Президенті халықаралық озық тәжірибені пайдалана отырып, отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.