РЕСПУБЛИКА КҮНІ: Қазақстандықтар ұлттық мерекені қалай атап өтті?

0
2 586

Қазақстандықтар бұл мерекені қалай атап өтті?


РЕСПУБЛИКА КҮНІ: Қазақстандықтар ұлттық мерекені қалай атап өтті?

Баршаңыз білетіндей, бүгін қалың бұқара ұлттық мереке – «25 қазан – Республика күнін» тойлап, рухымыз серпіліп жатыр. Себебі бұл – Тәуелсіз Қазақстанның егемен ел екендігін бүкіл әлемге паш ететін күндердің бірі де бірегейі.


Алдымен, біз айтып отырған мерекенің сан қилы «тағдырына» тоқталып өтсек дейміз. Негізі «Республика күні» өткен жылы ғана ұлтымызға қайта оралған мерекенің бірі. Дәлірек айтсақ, былтыр Парламент депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, содан кейін ғана 25 қазан күні «Республика күні» ұлттық мереке ретінде тойланды. Сенат төрағасы сол кезде бұл шешімнің трихи тұрғыдан өте маңызды екенін, еліміздің тәуелсіздігі расында осы датадан басталатынын және бұл күнді ұлттық мереке ретінде атап өту мемлекеттілік деңгейдегі маңызды қадам екенін жеткізген.


Енді «біз бұл мерекені қай кезде жоғалтып алғанбыз?» деген сұраққа жауап берейік. Білетін болсаңыздар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған. Сөйтіп, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізудің алғашқы қадамдарын жасай бастаған. Нәтижесінде, еліміздің дербес аумағы, халықтың азаматтығы, республикалық қазына, халықаралық байланыстардағы дербестік пен мемлекеттік рәміздер нақтыланған. Содан соң, 1992 жылдан бастап атап өтілген Республика күні 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған. Бірақ өкінішке қарай, 2009 жылы бұл мейрам бұрынғы президент Нұрсұлтан Әбішұлының бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан сызылып тасталған. Дегенмен, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда аталмыш мерекені қалпына келтіріп, дәрежесін қайтаруды ұсынды.

Қаысм-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн екенін айтып: "Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек" - деген болатын.

Сондай-ақ, осынау маңызды шешім қабылданған тұста Нұрсұлтан Назарбаев шешуші рөл атқарғанын тілге тиек етіп, Республика күні мығым мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның айқын белгісі болуы қажеттігін жеткізген.


Міне, содан бері мұқым қазақстандық мән-мағынасы терең, маңызы басым мерекені биыл екінші жыл қатарынан атап өтті. Өз кезегінде бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Отандастарымызды мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.




Сондай-ақ, ұлттық құндылыққа айналған мереке республика көлемінде өте кең көлемде тойланып, мейрам шеңберінде мыңдаған іс-шара өткізіліп, ел игілігі үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.


Айталық, ұлттық мереке аясында елорданың өзінде екі жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде мәдени-рухани, жалпыхалықтық, салауатты өмір салтын сақтауға шақыратын және әлеуметтік ахуалды арттыратын іс-шаралар, мерекелік кештер, көрмелер мен жәрмеңкелер бар. Одан бөлек, бұл күні Астанада дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және өзге де жұмыстар жоспарға сай іске асырылды.


Ал, түрлі-түсті кенге бай қала - Өскемен өңірінде «Oskemen Run 2023» атты жарыс өткізіліп, бұл іс-шараға екі жүзден астам азамат қатысты. Сәйкесінше, байқауға қатысушылар шаһардағы Красин елді мекені арқылы Қазақстан деп аталатын таудың жанында бас қосып, алдымен кәсіби спортшыларды нұсқауымен дене қыздыру жаттығуы ұйымдастырылды. Содан соң, барлық бақ сынаушы «Қазақстан» тауына жүгіріп шығып, жеңімпаздар анықталды.

Ал еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында ұлттық мерекеге арналған акция ұйымдастырылып, Алатау бөктеріндегі «Медеу» спорттық-бұқаралық кешені алаңшасында биіктігі 40 метрді құратйны мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Аталмыш іс-шараға еліміздегі эстрада жұлдыздары да атсалысып, Мұқасан Шахзадаев, Мақсат Базарбаев, Інжу Әнуарбек, Абай Бегей, Асхат Тарғын және Индира Елемес сынды өнерпаздар рухты әндерін орындады. Сонымен бірге, Жібек жолы, Панфилов және Бәйсейітова көшелерінің бойында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан қолөнершілерінің бұйымдары көпшілікке ұсынылды. Ал Абай даңғылындағы спорт-жаттығу нысанында спорттың шағын футбол, волейбол және дзюдо, сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үстел теннисі мен қазақ күресінен бұқаралық фестиваль өтті. «Көк-төбе» кешенінде «Жасай бер мәңгі – Қазақстан» тақырыбымен мерекелік кеш өтсе, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысуымен қазақ күресінен «Өнер барысы» сайысы өткізілді.

Сондай-ақ еліміздің рухани астанасы - Түркістан шаһарындағы «Рәміздер» алаңында «Мемлекеттік туды көтеру» іс-шара өткізіліп, Әнұран айтылып, көк туымыз көкте желбіреді. Бұл іс-шараға Түркістан өңірінің басшысы Дархан Амангелдіұлы, ел ағалары, облыс жастары мен қала тұрғындары қатысты. Атап өтер болсақ, түркі мемлекеттерінің түп қазығы - Түркістан қаласындағы тутұғырдың биіктігі 62,5 метрді құраса, байрақтың ені 12 және ұзындығы 24 метрге тең екен. Жалпы, кеше және бүгін елімізде ұлттық мерекені елеусіз қалдырған өңір болмады десек, жалған сөйлегендігіміз болмас. Тиісінше ұлттық мерекенің осындай жоғары деңгейде тойлануы қазақ халқына серпін береді деп сенеміз.

Тағы бір атап өтерлік жаңалық – Ішкі істер министрлігі Республика күні мерекесі күні барлық өңірде жедел штаб жұмыс істейтінін мәлім еткен болатын. Дәлірек айтсақ, бүгін ел көлемінде 20 мың полицей мен Ұлттық ұлан әскері қоғамның тыныштығын күзетіп жүр. Біз бұдан еліміз үшін ең басты құндылық – адамдардың амандығы мен тұрақтылық екенін аңғарамыз.


Олай болса, Отанымыз берекелі, жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын деп тілейік!


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ