Семейдегі сиқырлы айна туралы не білеміз?

0
2 111

Айна адамдарға тура қарамай қашқақтай береді.


Семейдегі сиқырлы айна туралы не білеміз?

ERNUR.KZ. Семей қаласындағы Ф.М. Достоевский атындағы әдеби-мемориальдық музейде «Музей қорынан» деп аталатын ғажайып көрме өтті, деп жазады Aikyn.kz.

Келушілердің басым көпшілігі 200-ден астам экспонатқа таң қалды. Негізінен кітаптар, журналдар, фотоаппараттар мен сағаттар коллекциясы екен. Десек те, ең қызығы бұлардың ішінде қашқар тиыны мен қытайдың сиқырлы айнасы болып тұр. Айна адамдарға тура қарамай қашқақтай береді.

– Өздеріңіз білесіздер, біздің өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстанның, Семейдің тарихын жете зерттеумен айналысып келеді. Мен бұл айнаны Семей қаласының жанынан, шамамен 20 шақырым жерден таптым. Айнаның ортасы тесілген болып шықты. Тіпті, айнаны жерленген жерден алынған деген нұсқа да бар. Сиқырлы айнаны қабірге салмас бұрын, ешкім пайдаланбасы үшін арнайы тесіп, бұзғанын байқадық, - дейді Семейдегі «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов.

Марат Сасановтың айтуынша, бұл сиқырлы айнаға шамамен 1000 жыл болған. Себебі айнада қытай иероглифтері анық көрінеді. Айна қоладан жасалған, пішіні қисықтау келген.

– Айнаның сиқырлы деп аталуының басты себебі – айнамен нақты не болып жатқанын ешкім де нақты білмейді. Айна арқылы қабырғаға күн сәулесін жібергенде, қабырғада артқы жақта орналасқан суреттер немесе жазбалар пайда болады. Сол үшін де оны тылсым дүниелермен байланыстырады, – деді Марат Сасанов.

Көрмені дайындау барысында музей қызметкерлері көне бұйымның өзге де сиқырлы қасиеттерін байқаған. Олар экспонатты жіпке ілгенде сиқырлы айна жан-жаққа жылжып, бет жағымен бұрылмаған екен. Айта кету керек, музейге жыл сайын ХІХ ғасырдың түрлі дүниелері түсіп жатады. Бұл музей Федор Достоевский мен Шоқан Уәлихановқа қатысты тың деректерді сақтап отыр.