Сенатор шетелге кеткен жетімдерге Қазақстан азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынды

0
469

Депутат 1999 жылға дейін шетелде кеткен жетімдер туралы деректер бойынша зерттеу жүргізу, балаларға биологиялық ата-анасын табуға көмектесу, сондай-ақ олардың қалауы бойынша еліміздің азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынып отыр.


Сенатор шетелге кеткен жетімдерге Қазақстан азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынды

ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған балалардың тағдырына қатысты Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады, деп жазады inform.kz.

«Еліміздің Бас прокуротурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдап, арнайы тексеріс жүргізді. Жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың біріңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы бізге беймәлім. Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп. 20 жыл бұрын жаттың жетегіне кеткен жетім балалар есейді. Сондықтан бұл тақырып тағы да көтеріліп келеді. Мәселен, журналист Жанар Байсемізова жүргізетін Jibek Joly телеарнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын тебіренбей көру мүмкін емес. Ата-анасын тапқысы, тегін білгісі келетіндер де аз емес. Солардың бірі - Жәнібек. Журналист Беркінбаевтың жазуынша, Арқалықта 2002 жылы туған оны 2004 жылы сондағы балалар үйінен белгиялық Ирина асырап алған. Испанияда тұратын Жәнібек 2023 жылы желтоқсан айында осында өзінің биологиялық анасын іздеп келіп, әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол анасын таппаған күйі еліне қайтты. Бұл жайт қоғамда үлен резонанс туғызды», - деді Д. Қыдырәлі.

Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқығын қорғау мақсатында 2010 жылы Балаларды қорғау және баланы шетелге асырап алуға қатысты конвенцияны ратификациялады.

«Бала құқықтарын қорғау саласындағы өкілетті орган саналатын Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шет ел асса, кейінгі 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. Көрсеткіштің күрт төмендегені қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217-сі қазір кәмелет жасына толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы мәлімет алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Белгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ», - деді сенатор.

Депутат 1999 жылға дейін шетелде кеткен жетімдер туралы деректер бойынша зерттеу жүргізу, балаларға биологиялық ата-анасын табуға көмектесу, сондай-ақ олардың қалауы бойынша еліміздің азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынып отыр.