Шымкентте жүзден астам тұрғынүйдің құрылысы басталған

0
395

Құрылыс жұмыстары қарқын алған.


Шымкентте жүзден астам тұрғынүйдің құрылысы басталған

Бүгінде ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етіп, қолжетімді пәтерлерді көптеп салу – мемлекеттік саясаттың маңызды бір бағыты болып отыр. Бұл тұрғыда республикалық деңгейде қолға алынған бағдарламалардың игілігі мол. Мәселен, өткен жылы миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласында жүздеген тұрғын үйдіңқұрылысы жүргізілген. Аталған жұмыстар тұрғынүй-коммуналдық саланы жақсартудың 2023-2029 жылдар аралығына арналған тұжырымдамасына сәйкес бастау алыпты. Осылайша, былтыр қаладағы Тұран, Ақжайық және Бозарық елді мекендерінде төрт мың үш жүзден астам пәтері бар, жалпы аумағы 330 мың шаршы метрден асатын нысандар бой көтерген. Сөйтіп, жыл соңына дейін отыздан астам көпқабатты тұрғынүй ел игілігіне тапсырылып, 1700-ге жуық пәтер өз иелеріне табысталған. Үйлердің басым бөлігі несиеге берілсе, бірнешеуі жалдамалы пәтер болып саналады. Одан бөлек, 2023 жылы қала әкімдігі тарапынан мыңға жуық жұмыс істейтін жасқа, 500-ге тарта жағдайы төмен азаматқа пәтер сатылып алынған екен. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызмет жыл басында хабарлаған болатын. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, биыл өткен жылдан өтпелі болып қалдырылған алпыстан аса көпқабатты нысанның құрылысы жалғасын тауып, екі жарым мыңға жуық пәтер пайдалануға берілмек.


Шымкент қаласы тұрғындары үшін биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – баспана сертификаты берілетін азаматтардың қатарына бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен кәмелет жасына жетпей тұрып ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтардың қосылуы. Ал, бұған дейін, мұндай мүмкіндікке мүгедек балалары бар жаұялар, батыр аналар, көпбалалы және толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер ғана ие болып келген. Демек, жаңа тұжырымдама аясында жеңілдікке ие болған азаматтар бағдарламамен баспана алар кезде несиенің бір бөлігін құю үшін өтінім жолдап, бір миллион теңгеден ала алады.


Бұның бір дәлелі ретінде жуырда ғана алпысқа жуық жанұяның сертификатқа ие болып, баспаналы болғанын айтуға болады. 58 отбасының ішінде толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен мемлекеттік қызметкерлер бар екен.

Сондай-ақ, Шымкент шаһарында тұрғын үйлердің аумағын көркейту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Халық қатысатын бюджет» атты бағдарлама шеңберінде қаладағы әл-Фараби ауданында орналасқан 24 тұрғынүйдің аумағы абаттандырылды. Оған қоса балаларға арналған ойын алаңымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатарғ шымкенттіктердің ұсыныс-талабына сәйкес, 2024 жылы тағы 70 нысанның ауласы жаңғыртылып, ойын балаларына жағдай жасалмақ. Дегенмен, өткен жылы қала көлемінде атқарылған жұмыстар арасынан ара-тұра кемшілікер де байқалып жатады екен. Осы орайда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков түйткілдің шешімін қарастырып, жауаптыларға тез арада проблемаларды жоюды тапсырған.


Қала әкімдігінің аппараттық жиналысында да тозығы жеткен тұрғынүйлерді жаңғырту мәселесі әрдайым сөз болады. Өйткені, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жеті жыл ішінде апат алдындағы және тоз-тозы шыққан сексенге тарта үйді жөндеу жүктелген. Осы бойынша жөндеуді қажет ететін тоқсанға жуық үй анықталыпты. Ол үйлерде қазір төрт мыңға жуық азамат тұратын болса, жаңғырту жұмыстарынан кейін жиырма мыңнан аса адам тұра алады екен. Бүгінде осы санаттағы алты нысанда құрылыс жұмыстары қарқын алған.

Жалпы, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жөндеу жұмыстарын да, жаңа құрылыс нысандарын да тұрақты түрде бақылап отырады. Мәселен, берер күн бұрын «Ақжайық» елдімекенінде салынып жатқан 5 және 9 қабатты 35 үйдің жұмысымен танысты. Сапаға мән беру керетігін және белгіленген мерзімнен кешіктірілмей тапсыруды міндеттеді.


Ал, апат алдында тұрған үйлердің иелерімен кездескенде жағдаймен толық танысып, азаматтардың талап-тілегін тыңдап, жауапты мамандарға проблемаларды шешудің жолдарын табуды тапсырып жатыр.


Тағы бір айта кетерлік жағдай, иыл Еңбекші ауданының тұрғындары да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының игілігін көріп, қырықтан астам тұрғынүйдің ауласы жаңартылып, балаларға арналған оннан аса ойын және спорт алаңшалары салынбақ. Оған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде отызға тарта көпқабатты үйдің қасбеті реттеліп, жеті үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Бұған тұрғындар да келісім берген.


Жалпы, 2024 жылы қала аумағындағы 38 көпқабатты тұрғынүйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте тұрғындардың жөндеуге жұмсалған қайтарымды қаражатты ешқандай пайызсыз өтейтінін айта кету керек. Жөндеу жұмыстары аясында нысандардың шатыры, жертөле мен қасбет жаңартылатын болады.


Сонымен қатар, қала әкімі тұрғынүйлерге сервистік қызмет жасайтын компаниялармен де тығыз жұмыс істеуде. Бұған қала тұрғындары тарапынан түскен арыз-шағымдар түрткі болып отырған көрінеді. Сәйкесінше, әкімдік тарапынан коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жұмысына бақылау жүргізіліп, бірқатар заңсыздық та анықталған. Сондықтан, компаниялармен жасалған келісімшарттар қайта қаралып, қаржыландыру тұрғысынан өзгерістер жасалмақ.


Естеріңңізде болса, біршама уақыт бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімін қабылдап, атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар сөз болған еді. Сонда Ғабит Сыздықбеков мегаполиске тартылған инвестиция көлемі ұлғайғанын айтып, өткен жылғы көрсеткіш 700 млрд. теңгеден асып түскенін жеткізген. Нәтижесінде, қала бюджеті 4,5 есе көбейіп, аумағы 867 гектар болатын бес өндірістік аймақ құру жұмыстары басталғанын, үш жылда 66 мың оқушыға лайықталған жүзден аса мектеп салынғаны, отыз мыңға жуық оқушыны қабылдай алатын жиырмаға жуық мектептің құрылысы бастау алғанын, жаманауи нысандар бой көтеріп, денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп жатқандығын, жолдар жөнделіп, қоғамдық қауіпсіздік әрдайым күшейтіліп жатқанын баяндаған. Сондай-ақ, инвестиция мен бюджеттің көбейюінің арқасында құрылыс алаңы ұлғайып, 2023 жылдың өзінде көлемі бір миллион 84 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты тұрғынүйлер ел игілігіне тапсырылғанын айтты. Демек, бүгінгі таңда Шымкент қаласы мемлекеттің барлық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға ден қойып отыр деген сөз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ