Тағы 3 қазақстандық кәсіпорын Қытайға сүт экспорттайды – АШМ

0
567

Қазіргі уақытта сүт және сүт өнімдерін өндіретін 6 кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алады.


Тағы 3 қазақстандық кәсіпорын Қытайға сүт экспорттайды – АШМ

Алматы, Ақмола және Қостанай облыстарының кәсіпорындары өз сүт өнімдерін Қытайға экспорттай алатын болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР-ның Бас кеден басқармасы арасындағы белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде тағы үш қазақстандық сүт өңдеуші кәсіпорын Қытайға экспорттауға құқығы бар кәсіпорындардың тізіміне енді. Олар: «Гормолзавод» ЖШС (Көкшетау, Ақмола облысы), «Дәулет-Бекет» (Талды-Қорған, Алматы облысы) және «Лидер-2010» (Рудный, Қостанай облысы).

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы сапары аясында Бейжіңде сүт және сүт өнімдерін экспорттауға ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойды. Сол кезде Алматыдағы Фудмастер, Қарағандыдағы Евразия Инвест LTD және Түркістандағы Golden Camel Group LTD сияқты үш компания өз өнімдерін көрші мемлекетке сату құқығын алған болатын.

Қазіргі уақытта сүт және сүт өнімдерін өндіретін 6 кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алады.