Тоқаев Өзбекстан президентімен сөйлесті

0
476

Екі ел басшылары екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.


Тоқаев Өзбекстан президентімен сөйлесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі ел басшылары екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан президенті Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл оқиға бауырлас Өзбекстанды жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.
Сонымен қатар олар Қырғызстанда өтетін Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының алдағы консультативтік кездесуінің күн тәртібін талқылады.

Еске салсақ, Қарақалпақстан астанасы Нүкісте 1 шілде күні жаппай митинг өтті. Артынша ол тәртіпсіздіктерге ұласты. Халықтың наразылығына Конституцияға енгізілетін түзетулер себеп болған.

Жаңа редакцияға сәйкес, Конституциядан Қарақалпақстан Өзбекстан Республикасы құрамына кіретін егеменді республика және ол Қарақалпақстан халқының референдумы негізінде Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау көзделген.
Жұрттың наразылығынан кейін 2 шілде кешке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Нүкіске барып, жергілікті парламенттің депутаттарымен кездесті. Президент Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесін өзгеріссіз қалдыру қажет деп санайды.
3 шілде күні Қарақалпақстанда төтенше жағдай енгізілді. Режим 2 тамызға дейін жалғасады. Ел билігінің мәліметінше, қазір аймақта жағдай тұрақты.
Қарақалпақстан – Өзбекстан құрамындағы автономды республика. Ол елдің шығыс бөлігінде орналасқан және аумақтың 40%-ін алады. Республикада екі ресми тіл – өзбек және қарақалпақ.