Ұлттық жоба Қызылорда өңіріне серпіліс сыйлады

0
1 274

Атауы аңғартып тұрғандай, бұл бағдарламаны іске асырудағы негізгі мақсат – өңірлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.


Ұлттық жоба Қызылорда өңіріне серпіліс сыйлады

Елімізде 2021 жылы Президент тапсырмасына сәйкес, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталатын ұлттық жоба қабылданған болатын. Атауы аңғартып тұрғандай, бұл бағдарламаны іске асырудағы негізгі мақсат – өңірлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Оның ішінде, автокөлік жолдарын жаңғыртуға, тұрғынүйлер салуға, ауызсу және табиғи газ тарту жұмыстарын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінген. Ал 2025 жылға дейін іске асырылатын жоба Алаштың анасы атанған Ақмешіт өңіріне қандай серпіліс сыйлады? Бүгінгі әңгімеміз осы жайында болмақ.


Сөз басында бірінші Қызылорда өңіріне аз-кем тоқталып өтелік. Қызылорда облысы хәлі мүшкіл Арал "теңізінің" шығыс жағында орналасқан, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары және Қарақалпақстан Республикасы, Өзбекстанның Науаи облысымен шектесетін өңір. Бүгінгі таңда бұл өңірде 839, 400 адам өмір сүретін болса, олардың 445 500-і ауылдарда күн кешіп жатыр. Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында Қызылорда облысындағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1129 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштер көтерілген. Сондай-ақ қазір өңірде 17 мыңнан астам жұмыссыз адам бар болса, он мыңнан астам заңды тұлға тіркелген.


Енді ұлттық жобаның орындалу барысына тоқталсақ. Естеріңізде болса, 2022 жылы Премьер-министр Әлихан Смайловтың төрағалығымен жиын өтіп, ведомство басшылар мен барлық өңірдің әкімдері қатысқан жиында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы қаралған еді. Сол жиында министрлер Қызылорда облысының ауыз су желілері бойынша оң нәтиже көрсеткенін мәлім еткен тұғын. Өз кезегінде, осы жиыннан соң өңір басшысы жауапты сала жетекшілері мен қала, аудан әкімдеріне тапсырмалар да жүктеген. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі де ресми хабарлама жасап, өңір басшысының «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысты кеткен қателіктерді сынап, атқарылған жұмыстарға мардымсыз деп баға бергенін жеткізген болатын.

Атап айтар болсақ, өткен жылы Қызылорда өңірін дамыту мақсатында "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде ел бюджеті мен Ұлттық қордан 22 млрд. теңге қаржы бөлінген екен. Алайда, былтырғы жылдың басынан 1 тамызға дейінгі аралықта жылдық қаржыны игеру көрсеткіші небары 33,8 пайызды құрап, шағын қалаларды дамыту мақсатындағы төрт бірдей жобаны іске асыруға бағытталған 348,5 миллион теңгенің бар болғаны 72 миллионы игерілген екен.

«Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына бөлінген қаржы да төмен деңгейде игерілген. Өзге облыстармен салыстырғанда біз ең аз қаржыны алдық. Соның өзінде осы қаржыны игере алмау үлкен сын болып саналады. Бірақ, қаржыны тез игеремін деп жұмыстың сапасын төмендетіп алмаңыздар», - деген сол кезде Нұрлыбек Нәлібаев.



Өткен 2022 жылы осылай тапсырма берген облыс басшысы биыл да алған бетінен қайтқан жоқ. Сондай-ақ, биыл жаз айларында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасының 44-тармағының іске асырылуы жөніндегі Республикалық штаб отырысы өтіп, жеті жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері қаралған еді. Аталған жиыннан кейін Қызылорда өңірінің басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жүктелген тапсырмалардың облыс аумағында орындалуын сөз етіп, 2023-2029 жылдар аралығында Сыр өлкесінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 5041,5 мың шаршы метр баспана салу жоспарланғанын айтты.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың алғашқы төрт айында өңірде жалпы аумағы 174,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғынүй ел игілігіне тапсырылған. Ал, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 692,3 мың шаршы метр баспананың пайдалануға беру көзделген екен. Бұл меже биылғы жылдың соңына дейін толықтай орындалуы тиіс. Бұл тұрғыда облыс басшылығы ел қазынасына тұрғызылатын көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы мен құрылыстың мерзімінде аяқталуын бақылайды. Одан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан осал топтар санатына жататын азаматтар үшін бір мың пәтер сатып алынады.



Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қармақшы ауданына барған кезде «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберіндегі «Тұрғын үй саласындағы іс-шараларды іске асыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын азаматтар игілігі үшін сатылып алынатын елу баспананың сапасын тексеріп, дайындығын пысықтаған. Өз кезегінде, өңір басшысы баспаналарды белгіленген мерзімде қолданысқа беріп, дайындық жұмыстарының сапалы атқарылуын қадағалауды нықтап тапсырған болатын. Осы ретте, Қармақшы ауданына биыл Ұлттық қордан 480 миллион теңге қаржы қаралғанын ескере кетуіміз керек.


Тағы бір айта кетерлігі – біз айтып отырған ұлттық жоба Арал ауданының да жан-жақты жетілуіне септігін тигізіп жатыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев арнайы танысып, бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы бақылап қайтқан болатын.


Сонымен қатар, биылғы жылы М-32 «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль даңғылының 1248-1555-ші шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары басталып, ұзындығы 11 шақырымнан асатын автожолды «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалпына келтірді. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 1 005,760 миллион теңге қаралған.


Одан бөлек, биыл Арал қаласында «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде сатылып алынатын баспана ретінде 84 пәтерден тұратын 42 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл баспаналар алдағы қараша айында ел игілігіне берілетін болады.


Жалпы, 2023 жылы ұлттық жоба арқылы өңір аумағында 1346 пәтерден тұратын 26 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Оның ішіндегі 322 пәтерден тұратын 9 тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін болса, 1024 пәтерлік 17 тұрғын үй несиелік негізде сатылады. Оның үстіне биылғы жылдың соңына дейін 842 пәтерден тұратын 20 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған екен. Сонымен бірге, Қызылорда қаласында жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға баспана сатып әперуге жергілікті бюджеттен 6 миллиард теңге қарастырылып, 34 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындарға республикалық бюджеттен бөлінген 9,6 млрд. теңгеге 1000 пәтер сатып алу жоспарланған.

Одан бөлек, Арал ауданының орталығында салынған А.Сатаев және Төле би көшелері де ұлтық жоба аясында жөндеу көріп жатыр. Жалпы, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағыты бойынша 772,3 миллион теңге бөлініп, Арал қаласындағы 7 көше қайта жөндеуден өткізіліп жатыр екен. Ал Арал қаласы аумағындағы теміржол арқылы өтетін 940 метрлік автожол көпірінің құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінге дейін бұл нысанға қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар жеткізіліп, нысан жері тегістеліп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп қойған. Бұл құрылысты бастаудағы негізгі себеп - теміржол өткелінде пайда болып, кейде екі шақырымға дейін созылатын көлік кептелісін болдырмау. Егер, осы бір нысан ел игілігіне берілсе, аталған проблема толықтай шешіледі деп көзделіп отыр. Осылайша, 2023 жылға Арал ауданының автокөлік жолдарын жақсарту үшін ел қазынасынан 7,2 миллиард теңге бөлініп, бас-аяғы отыз жоба жүзеге асырылып жатыр екен.

Дегенмен, біз мысалға келтірген жұмыстар ұлттық жоба шеңберіндегі іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Демек, ұлттық жоба Қызылорда өңірінің дамуына серпіліс сыйлады деп сеніммен айта аламыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ