ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Жамбыл облысында жағымды жаңалық көп

0
109

Жер кезегіне тіркелген үш мыңнан аса азаматқа үлестірілетін жерлер әзір болған.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Жамбыл облысында жағымды жаңалық көп

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасындағы өңірлерді дамытуға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының» драйвері дейтін ұлттық жоба бар. Мүдделі министрліктер біріге құрған жоба 2021 жылы басталып, қазір бел ортасына келді. Осы уақыт аралығында бағдарлама шеңберінде мыңдаған жұмыс атқарылып, еліміздің жан жақты дамуына ықпал етуде. Ал бүгін біз ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында атқарылған жұмыстарға көз жүгірткелі отырмыз.


Мәселен, азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытына тоқталайық. Өткен жылы баспана кезегіне тіркелген тұрғындарды тұрғынүймен қамтамасыз ету үшін жетпіске жуық көпқабатты үй бой көтеріп, соның отыз төрті пайдалануға берілген екен. Сөйтіп, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл ғимараттарда жалпы төрт мың екі жүзден астам пәтер болса, соның 2260-ының кілті азаматтардың қолына табысталған. Жалпы, өткен жылы өңірде екі жүз елу нысанның құрылысын жүргізу көзделсе, бір жыл ішінде жүз он үш ғимараттағы жұмыстар мәресіне жетіп, қалғаны 2023 жылға өтпелі нысан ретінде белгіленген. Сөз орайы келгенде, былтыр Әулиеата өңірінде он бес білім беру, он жеті денсаулық сақтау, төрт спорттық және бір мәдени бағыттағы нысан ел игілігіне тапсырылғанын айта кетейік. Сонымен қатар, тұрғындарды қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында отыздан астам жобаның жұмысы басталса, соның жиырма жетісі жыл соңына дейін аяқталыпты. Соның арқасында жер кезегіне тіркелген үш мыңнан аса азаматқа үлестірілетін жерлер әзір болған.


Ал биыл жазда облыс әкімі Жамбыл өңірінде тұрғынүй саласы едәуір алға жылжығанын айтып, 2023 жылы тұрғынүй кезегіне тіркелген азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 13,2 млрд. теңге қаралып, 3929 пәтерден тұраты жетпіс төрт көп қабатты нысан салынып жатқанын мәлім еткен. Соны нәтижесінде 2023 жыл түйінделгенше екі жарым мыңнан астам жамбылдық баспана кілтін қолына алады деп жоспарланған. Сәйкесінше, аталған жұмыстар да «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында бастау алған.


Одан бөлек, биылғы жылы өңір орталығында инвестиция тарту бағытымен оннан аса көппәтерлі нысанның құрылысы басталса, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын және көпбалалы жанұялар үшін ел қазынасынан 7,7 млрд. теңге бөлініп, қажетті деп танылған сегіз жүзге тарта пәтерді сатып алу көзделген. Оған қоса, биыл бюджеттен он миллиард теңгеден астам қаржы қаралып, сексенге жуық инженерлік жоба іске асырыла бастаған еді. Осы орайда, тоғыз жүзге жуық облыс тұрғынына жер телімі берілмек.


Сондай-ақ, Жамбыл облысы тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын құру, өңір аумағындағы барлық елді мекендерді жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көптеген жоба жүзеге асырылғалы тұр.


Айталық, келер кезеңде өңір аумағында құны 6,6 млрд. теңгені құрайтын елу жоба «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде, құны 15 миллиард теңгеден асатын жеті жоба «Жайлы мектеп» жобасы аясында және құны отыз екі миллиард теңгеден асаты жүз он екі жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы арқылы іске асырылмақ.


Оның ішінде, алғашқы үш тоқсанда өңірде төрт жүз мың шаршы метрге тарта баспана ел игілігіне тапсырылса, 2023 жылдың соңына дейін тағы жеті жүз шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға тапсырылады екен. Ал, «Асар» деп аталатын жоба арқылы жүзден астам тұрғынүй салу көзделген. Дегенмен, өңір көлемінде бұл салаға қатысты мәселелер де жоқ емес екен. Атап айтсақ, кейбір тапсырыс орындаушылар тәртіп сақтамай, жұмысты белгіленген уақыттан кешіктіретін көрінеді. Енді бірі құрылысты қалай болса солай жүргізіп, сапаның төмендеуіне соқтырып жатады екен. Дегенмен, облыс басшылығы осы кемшіліктерді ескеріп, құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алған.


Тағы бір айта кетерлігі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басқа да бағыттары бойынша 2023 жыл аяқталғанша аудан тұрғындарының тоқсан алты пайыздан таза ауызсумен қамтамасыз етілсе, бұл көрсеткіш қалаларда тоқсан жеті пайыздан асырылмақ. Одан бөлек тоғыз мыңға тарта халық мекендейтін оннан астам елді мекенге көгілдір отын жеткізіліп, тұрғындарды табиғи газбен қамту деңгейін тоқсан бір пайыздан асырылады деп жоспарланған.


Сонымен қатар, қазіргі таңда Жамбыл облысы тұрғындарын сапалы желектр қуатымен қамту мақсатында барлық қуаттылығы 451,3 мегаватқа тең болатын жиырмадан аса нысаны қызмет етіп жатыр. Барлығы жаңартылатын энергия көздері санатына жатқызылады. Олардың алтауы су электр станциясы, тоғызы жел электр станциясы және тағы алтауы күн электр станциясы болып саналады.


Сондай-ақ, өңір әкімі жуырда жауапты сала мамандарына барлық елді мекеннің сәулетін жақсартып, абаттандыру, «қызыл сызық» ережесіне сай келмейтін ғимараттарды анықтау және жүргізіліп жатқан құрылыс саласындағы мәселелер мен заңбұзушылықтардың көзін жою туралы тапсырма берген. Демек, аталған тапсырмалар орындалса, Жамбыл облысы қазіргіден де жақсы көркейеді деген сөз.


Бауыржан Мейірханұлы,

ERNUR.KZ