​«Анамды өлтірмедім, оны тігінен көмген жоқпын, қару сатпадым!»: Бекболат Тілеухан Құран ұстап ант етті

0
2 116

«Осы айтқандарымның бәрі өтірік болса, мені Құдай тапсын!»


​«Анамды өлтірмедім, оны тігінен көмген жоқпын, қару сатпадым!»: Бекболат Тілеухан Құран ұстап ант етті


Елге белгілі дәстүрлі әнші, кезінде Мәжіліс депутаты болған Бекболат Тілеухан өзінің «Инстаграмдағы» парақшасында Құран ұстап ант еткен видеосын жариялады.


«Өзіммен өзім болып, кітабымды жазып, бала-шаға, әулеттің қамын ғана ойлап, намазымды оқып, жасымыз да біразға жетті, басқаның бәрінен бас тартам деп жүргем ғой. Бірақ бүгін осылай елдің алдына шығып сөйлеуге мәжбүр болып отырмын. Маған осы уаққа дейін талай жала жабылды. «Қару сатты» деді, «анасын өлтірді, анасын тігінен көмді» деді, «Сирияға кісі жіберді» деді, «ән ұрлады» деді, «Саудиядан қаржы алды» деді, біраз нәрселерді айтып, жала жапты. Олардың бәріне пәлендей көңіл бөлген жоқпын. Өйткені нанар-нанбас, қисынсыз нәрсе ғой дедім. Нанғандар да болды.


Бірақ мына соңғы жала тіпті ауыр болды. Өйткені қарапайым халықтың тірнектеп жиған, Меккеге деген махаббатынан шығып, аузынан жырып жинаған адал ақшасын жымқырып кетті деген ауыр жала. Ол жаланы маған жауып отырған Медет Мұратбаев деген бала екен. Енді ол бейшара балаға айтқызып отыр ғой біреулер. Ол «2022-жылы күзде Алматы қаласында пәленбай миллион теңгені Бекболатқа бердім» дейді. Ал Бекболат 2002-жылдың наурызы мен 2023-жылдың қаңтарына дейін Қазақстанның топырағын басқан жоқ қой. Жарайды, айтатын адам айта береді ғой. Бірақ, жалпы, елдің ішінде осыған байланысты күмәнді пікір қалыптасқан соң, мен мынандай қадамға баруға мәжбүр боп отырмын.


Мен осы уаққа дейін атқарушы қызметтер атқардым, Үкіметте істедім, заң шығарушы орган – Парламентте болдым. Сол кезде де мен намазымды тастаған жоқпын, мешітімді тастамадым, дінімді жасырмадым, сақалымды қырған жоқпын. Мен үшін діннің қаншалықты маңызды екенін білесіздер. Ал Ислам дінінің Құранға негізделгені белгілі. Сондықтан да Құранмен, Алланың атымен ант етудің қаншалықты маңызды екенін білерсіздер. Кімде-кім Құранмен өтірік ант етсе, діннен шығып кетеді. Кәпір болады.


Сондықтан мынандай қаңқу сөзге нүкте қою үшін, сөзім елге жету үшін, мұсылмандардың атына кір келмеу үшін осындай қадамға барып отырмын. Мынау - менің үйде оқитын Құраным. Осы Құранды қолыма алып тұрып ант еткім келеді. Уаллахи-биллахи, Алланың атымен ант етем, мен ешқашан, ешқандай «Кәусар тревел» деген фирманың бар екенін білмегем, одан соқыр тиын алған жоқпын. Жер бетінде бұған дейін Медет Мұратбаев деген адам барын білсем, Құдай мені тапсын! Ешқашан ондай нәрсе болған емес. Алланың атымен ант етем!


Беті бүлк етпей жала жауып отыр, аналар жала жапқызып отырған шығар байғұсқа. Енді оны Құдай табар. Осымен қатар, тағы айтарым, мен анамды өлтірген жоқпын, оны тігінен көмген жоқпын. Жеті камаз қару түгілі, бір винтовка сатып көрмедім. Ғарифолла Құрманғалиевтан ән ұрламақ түгілі, «Елім менің» еніне Ғарифолланың тамшыдай қатысы болса Құдай мені тапсын!


Сирияға бір кісі жіберсем, оны да Құдай көріп отыр, ант етем. Саудиядан ақша алған жоқпын. Осы айтып отырған жалалардың бәрі қисынға келмейтін нәрселер. Жалпы, қалың бұқараның есінде маған байланысты күмән қалмасыншы деп осы қадамға барып отырмын».


Бекболат Тілеуханның бұл видеосы желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Көпшілік әншінің амандығын тілеп, жақсы пікір білдірген. Олардың арасында Мұхамеджан Тазабек, Нұрболхан Шарап, Балғынбек Имаш, Сырым Әуезхан, Ардақ Балажанова, Ұлан Үсіпәлі, Ибрагим Ескендір секілді өнер адамдары да бар.