​«Аспанға» қолым жетті»: Мейрамбек Беспаев жеке радиосын ашты

0
852

«От пен су қосыла ма, ағайын!»


​«Аспанға» қолым жетті»: Мейрамбек Беспаев жеке радиосын ашты

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мейрамбек Беспаев туған күні қарсаңында «Aspan FM» радиосын ашып, қос мерекені қатар тойлады. Әншінің қуанышын бөлісуге өнердегі әріптестері, сыйлас ағалары келді.


«Аспанға» қол жеткен күн... Ес біліп, етек жиғалы мені арман атты ұлы күш алға жетеледі. Бала кезімізде бәріміз арманшыл болдық. Неге екенін білмеймін, аспанға қарап көп армандайтынбыз. Таусылмас тамырлы аңсарларымның бірі - өз радиомды ашу болатын. Бірақ адам баласы армандауда жалғыз болғанымен, сол мақсат-мұратқа жету жолында жалғыз болмайды екен. Осы орайда балауса-балғын арманымды әр тараптан қолдап, демеп, жанымнан табылған жақсы жандарға рақмет айтамын.


Кешелі бері естіп, көріп отырғандарыңыздай бүгін @aspanfm радиосы әуе толқынында өз жұмысын бастады. Шіркін-ай, адамда арман деген таусылмайды екен ғой… Бір қызығы, көкейде тағы бір арман бүр жарды. Бұл арман, «Aspan FM» радиосы - сағынысқан достардың, алып ұшқан жастардың аға буынның жас өркенмен жүздесіп, ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп бас қосатын ордаға айналса деймін. Туған күніммен тұспа-тұс келген қос қуанышыммен құттықтап жатқан жақын-туыс, жанашыр достарыма үлкен рақмет» деп жазды Мейрамбек Беспаев өз «Инстаграмында».


Жаңадан ашылған радио әзірге Астана мен Алматы қалаларына тарайды. Радио жүргізушілерін арнайы кастинг арқылы таңдап алған. Ал оның еліміздің аспаны ашық болсын, әндеріміз, өнеріміз тек аспанда қалықтасын деген жақсы ниетпен белгілі ақын Қалқаман Сарин қойыпты.


Әлеуметтік желіде Мейрамбектің бұл бастамасын сынағандар да бар. Солардың бірі - білім саласының маманы Аят Ахметжанұлы.


«Эльмира Суханбердиева қазақтың ең сүйікті әншілерінің бірімен бірігіп радио ашқан ба?! Мейрамбек пен Суханбердиева екеуінің бірге жұмыс істеуін көзіме еш елестете алмайды екем… Біреуі – ең сүйікті, құрметтейтін әншім… Біреуі – білім саласының түбіне жеткен, Астананың білім басқармасын, Білім және ғылым министрлігін былықтырған, жемқорлық бабымен істі болып, толық мойындап, ақша төлеп босап кеткен ең құрметсіз экс вице-министр… От пен су қосыла ма, ағайын? Мұндайдан сапалы дүние шыға ма?!» деп пост жазды Аят Ахметжанұлы.