​«Ішімдікке салынған, ағаштардың панасына түнеген, аяғы іріңдеген...»: Арман Қайназаровтың әйелі өз шындығын айтып берді

0
565

«Төбелеске араласып, басымен асфальтқа құлаған, содан миына қан кеткен»


​«Ішімдікке салынған, ағаштардың панасына түнеген, аяғы іріңдеген...»: Арман Қайназаровтың әйелі өз шындығын айтып берді


Композитор, бірталай хит әндердің авторы Арман Қайназаровтың әйелі Алтын Табылдықызы мен бауыры Алмас «Қыздар-ай» бағдарламасына келіп, композитордың өліміне қатысты шындықты айтып берді.


«Біз үйлендік. Үлкен ұлым 20 жаста. Одан кейін 16, 15 және 5 жастағы ұлдарым бар. Арман балаларды өте қатты жақсы көрді. Кішкентайынан балаларға жақсы қарайтын. Жаман жағын айтайын десем, жаман жағын көрген емеспін. Ең әлсіз жері - ішкілікке бой алдырғаны.


Отау құрғанымызға 20 жыл болды. Арманның ішімдікке салынуы 2005-жылдары басталды. Сол уақытта студияларға бара бастаған еді. Ер адамдар жиналған жерде ара-тұра ішеді, сөйлеседі. Арманда сол жағынан әлсіздік болды ғой. Тағы да бір түрткі болған нәрсе бар, ол танымал болу үшін әндерін әншілерге ұсына бастады. Студияға барғандағы мақсаты да сол ғой. Оның әндерін Ұлықпан аға да тыңдап, «әндерің жақсы екен» деп қолдау білдірген адамдар да болды. Бірақ бір күні үйге налып келді. Бір әнші оның әнін елу-ақ долларға аламын деген екен. Үйге келіп «сонда менің әнім, менің талантым түк емес екен ғой» деп қолын бір сілтей салды.


Арманды емдету үшін бәрін істедік. Қысты күні өліп қалады деп қорқып, диспансерге де салдық. Барлық емдеу орталықтары адамды өз еркімен ғана қабылдады. Еркінен тыс ұстай алмайды. Арман өз еркімен бармағасын ол жерден кетіп қалатын. Кейде бір ай болады, кейде жеті ай болады. Одан кейін тоқтайды" деді Алтын Табылдықызы.


Журналист Алтын Табылдықызына «Арман ағаштардың арасында қонғанда отбасы қайда қарадыңыздар? Аяғы ініңдегенше қайда жүрдіңіз?» деген сұрақ қойды. «Әлеуметтік желілерде де маған аузына келгенін айтатындар көп. Мен сол үшін бар күшімді жинап, осы бағдарламаға келіп отырмын. Көпшіліктің аузын жаптыру үшін келдім. Менің кебісімді киіп көрген жоқ, өмірімді сүріп көрген жоқ, сондықтан ешкім маған ондай әңгіме айтпасын. Арманды соңғы рет мамыр айында емдеуге апардық. Ол сол жерде үш апта болды. Емделу процесі тәуелді адамдарға 1 жыл - 1 жыл, 2 ай болады. Сондай бағдарламаға өтуі керек болған еді. Бірақ ол соған қарсы болып, менің сол жерге апарғаныма өкпелеп, маған қатты қарсы шықты» деді композитордың әйелі.


Ал інісі Алмас Арман Қайназаровтың ауруханадағы күндерін еске алды. «Кафенің алдында екі жігіттің арасында жанжал болады. Арман оны ажыратпақшы болып, араға түседі. Полицияның айтуы бойынша, оны біреуі ұрыпты. Ол баспен асфальт жолға құлап, миына қан кетеді. Сол жердегі бір қыз жедел жәрдем шақырады. Жеті күн комада жатты. Кейін есін жинады. Көзін ашып жүреді, сөйлеседі. Бірінші барып сөйлесеміз, атымды таниды. Тамақ апарамыз. Екінші күні анам, үшінші күні жеңгеміз барды. 15-і күні бізге қайта комаға түскенін хабарлайды. Себебін сұрасақ, «іріңді менингит» деді...» деді Алмас.


Еске сала кетейік, композитор Арман Қайназаров биылғы жылдың маусым айында көше кезіп жүрген жерінен әлдекімдер тауып алып, видеосын әлеуметтік желілерге салған болатын. Ал қыркүйек айында Алматыда кісі қолынан қаза тапты. Кейіннен қалалық Полиция департаменті композитордың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген күдіктіні ұстағанын хабарлады.