"Сырттай қарасаң есалаңның әрекеті": Танымал журналист "домовойдан" қалай қорыққанын айтты

0
2 439

"Көрінбейтін тылсымнан қорқу - ең қорқыныштысы. Көрінетінді ұрып құлатасың, көрінбейтінді ше?" - дейді ол.


Белгілі журналист Жанат Бақыт өзін мазалаған тылсым оқиға туралы айтып, оқырмандарымен сыр бөлісті.

Оның айтуынша, жаңа үйге көшкен сайын оны "біреулер" мазалайтынға ұқсайды, тіпті бірде кішкентай баласын үйде қалдырып, өзі қашып кетіпті.

Жанат Бақыт: "Күйеуіммен 16 жасымда танысып, 24 жасымда тұрмысқа шықтым (бұған дейін талай жаздым).
Алдымда нақты мақсат болды. Әке-шешем, және өзім армандаған Казгуді бітіріп, мына өмір атты кірпіштің бір кетігін тапқым келді. Соған көнген, күткен жігітке рахмет де)). Шаш түсті, ниче енді. Шаш түскені, бастың піскені деп қояйын.
Жеті түнде айтпағым басқа тақырып, негізі ч. Бұл туралы күйеуіме дұрыстап айтпағам. Айтсам да сенбеді.
2007 жылдың жазында біз отау құрдық.
О кезде 4 этажды (благоустроенный)
үйдің 2 бөлмелі үйінде тұрдық. Біз үйленгенге дейін ол үйде күйеуім жалғыз тұрды (2-3 жыл).
Есімде, Тойдан кейінгі түннің бірінде, көзіміз ұйқыға кетті дегенде, тыпырлап жүрген аяқтың дыбысы естілетін болды. Залда. Біз жатын бөлмеде.

Көзімді ашуға қорқамын. Тек бақылап тыңдап жатырмын.
Залдан жүгіріп келеді де, біздің қасымызға кеп тұрады. Көзім тарс жұмулы. Ашпаймын. Бейнебір бетіме тесірейіп қарап тұрғандай. Ашсам тап берердей.
Ол кезде жасауыммен келген кілемдерді жерге төсеп үлгермеген едік. Ал линолеумнан аяқ дыбысы айқын естіліп тұрды. Күйеуімді оятайын десем қолым қозғалмайды. Қорыққаннан болар.
Еркекті білесіз ғо, әйел сөзін ешқашан серьезно қабылдамайды, ертесі айтсам “Аталарым ғо, гигок-гигок деп саған кеп жүрген” деп күлді де қойды. Ашулана бастасам, “Төбедегі орыстың иті да жүрген” дейді.
Бірақ екеуін ажырата алмайтын шілли емеспін ғой енді.
Манағы аяқтың дыбысы бір аптадай мазалады. Күйеуім ояу болса, тыныш. Ұйықтай ма, бірден кеп тұрады. Шелпек пісіріп, құран оқыдым. Кейін сөйте келе мазалауын қойды.
Сол үйде 6 жылдай тұрдық. Мүлде мазаламады. Маған үйренген болар).
Сосын жер алып үй салдық.
Үлкен ұл о кезде балабақшаға барады. Күйеуім жұмысқа кетеді. Екеуі күндіз үйде жоқ.
Екіншісі кішкентай. Өзім декретте.

Түскі уақытта Кәусар ұйықтағанда, манағы тарс-түрс басталады. Үй тарсылдап, аяқтың дыбысы естіле бастайды. Тыңдап тұрмам))), бірде дыбыс күшейе берді. Аяқ дыбысы. Сол баяғы. Қамыр илеп тұрған ем. Қалай далаға атып шыққанымды байқамадым бірде.

Бала үйде. Ұйықтап жатыр.
Мен далада. Қолда оқтау. Жүрек дүрс-дүрс)).
Сырттай қарасаң есалаңның әрекеті, дә.
Қолында оқтауы бар әйел баласынан басқа ешкім жоқ үйге кіре алмай айналшықтап жүр.
Бұл өмірде көзге көрінетіннен, көрінбейтін тылсымнан қорқу - ең қорқыныштысы. Көрінетінді ұрып құлатасың, көрінбейтінді ше?
Әйтүп-бүйтіп, баланы ойлап, қорқынышымды жеңіп үйге кірдім. Қолдағы оқтауды тастамайсың бірақ). Брюс лидің таяғындай ұстап аласың.
Бірден шелпек пісіріп, құран оқыдым.
Одан бері 7 жыл өтті, тпа-тпа, тыныш.
Қызық.
Параллель өмір бар, білем. Бірақ мені әбден тексеріп, сосын барып мойындайтын қандай күш екен)))? Үй иесі ма?
Мазаламағанына қарағанда, “нәрмәлный қатын” деген сияқты ғой".


Бұл оқиғаны оқыған оқырмандары да өздерінің бастарынан өткен осыған ұқсас оқиғаларын айтып, сыр бөлісті. Олардың көпшілігі тылсымның болатынын айтып, одан қорғанудың амалдарын да айтқан.

Бір оқырман "Үйленгеннен кейін бір балалы болған соң бөлек шықтық. Күйеуім таңғы алтыда жұмысқа кетеді. Үйде алты айлық ұлыммен қаламын. Күйеуім кеткеннен соң есікті іле қоймаймын тұруға ерінемін немесе ұйықтап қаламын, жаңағы сізге келген аяқ дыбысы келеді төбеме бар білген сүрелерімді көзімді жұмған бойда оқимын ішімнен. Ал есікті кілттеп алсам келмейді. Кейін жоқ боп кетті" десе, екінші бірі "Бір пәтерді орыстан алдық. Екі ұлы бар, жесір. Кетерінде 100 грамм құйсаң домовойымды әкетем деді. Құжат қолға тигенде құям дедім. Ұмытып кетіппін. Біресе коробка ашық, біресе қақпақ жерде, біресе жұмыстан келсем шкаф ашық. Балалар біз емес дейді. Содан домовойыңды әкет дедім әлгі әйелге, телефонмен. Ол болса: 100 гр арақ құй да, түнге қойып қой, мен мына жақтан құям деді. Кетші дегенсің ғой) бірақ бір күні 100 гр арақ құйдым. Ертеңгісін арақ жоқ. Жұмыстан келсем, көрші орыс жүр, сендердің домовойларың бізге келді түнде деп сенбедім. Бірақ сол күннен соң тынышталды" деп өз оқиғасын бөліскен.