«Ыдыс жуып, әйеліме көмектесе бастадым»: Нұртас Адамбай исламға келгеннен кейінгі өзгерістерімен бөлісті

0
1 538

«Мен еркекпін» деп кеудесін керген Адамбай енді үй шаруасына да атсалысатын болған.


«Ыдыс жуып, әйеліме көмектесе бастадым»: Нұртас Адамбай исламға келгеннен кейінгі өзгерістерімен бөлісті

Белгілі кино актері Нұртас Адамбай осыдан біраз уақыт бұрын ислам дінін қабылдағанын мәлімдеген еді. Дінге келмей тұрғанда Нұртас әйелімен жиі керісіп, тіпті екіге кету туралы шешім қабылдағанын айтады. Сөзінше, отбасылық өмірде жұбайы екеуі бір-бірін түсінбей, ортақ балаларына жазылмас жара салған.


"Үлкендер өз менінің кесірінен қарым-қатынасын анықтағысы келіп, баласын ұмытып кетеді. Сол кезде оларға жарақат салатынын түсінбейді. Өйткені балаға сол кезде әлем күйрегендей көрінеді. Ол сөзсіз жақсы көретін екі адам, екеуінің арасынан мынау жақынырақ деп таңдай алмайтын екі адам ұрысып жатқанда, баланың ішінде сұмдық нәрсе болады. Мен де әйеліммен ұрысып, өзімді ұстай алмаған кезде балама сол сұмдықты жасап бердім.
Одан кейін өзіңді кінәлайсың. Иә, олай істеуге болмайтынын түсіндім. Жұбайыммен жараспадық. Мен барлық проблемалардың түп-тамырын жұбайымнан көрдім. Оның мінезі, тәрбиесі дұрыс емес деп ойладым. Өзімнен ештеңе көрмедім. Өзім үшін ең керемет адам болдым. Ең үлкен қателігім де сол еді. Исламда өзгеден емес, өзіңнен кемшілік ізде, дейді"
, - деп ағынан жарылды Нұртас.


Актер бұл олқылықтың орнын дінге келгеннен кейін толтырған. Ол бөлек тұрған сәтінде жұбайының қадірін түсініп, кейін онымен қайта табысқан. Ал бүгінде оған деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Бұған дейін "мен еркекпін" деп кеудесін керген Адамбай енді үй шаруасына да атсалысатын болған.


"Құранда айтылады: ер адам әйелін қорғауы, қамқор болуы, киіндіріп, тамақтандыруы, оған жылы сөздер айтуға міндетті. Бұл Алланың бұйрығы, сенің қалауың емес, міндет. Күйеуісің бе, онда әйеліңнің әдемі екенін айтатын бірінші адамсың. Сен айтпасаң, ол сырттан айтатын адам іздейді. Өйткені бұл сенің міндетің. Мен осы нәрселерді ойлана бастап, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірін оқи бастадым. Ол бізге үлгі ретінде берілген.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) барлық мұсылмандардың билеушісі болса да, үйде ыдыс жуып, киімін тазалағанын білгенде, "бұл менің жұмысым емес деп ойлайтындай мен кіммін?" деп ойладым»,
- деді актер.